|
21.06.2017 | 10:56
3417

Еліміз бойынша үздік мемлекеттік қызметкердің есімі белгілі болды

Еліміз бойынша үздік мемлекеттік қызметкердің есімі белгілі болды

Үздік мемлекеттік қызметкер. Еліміз бойынша кіл мықтылардың есімі белгілі болды. Олардың екеуі Алматы қаласында тұрады. «Салааралық басқару» номинациясында үздік атанған ару қалалық әкімдіктің қаржы басқармасыда басшылық қызмет атқарады. Ісіне жауапкершілікпен қарайтын жан туралы әріптестері жақсы пікір білдірді.

Айнұр Құдайбергенова қаржы саласында қызмет еткеніне 13 жылдан асқан. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы бұған дейін түрлі маңызды қызметтерді атқарыпты. Атап айтқанда, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен «Нұр Отан» партиясында, «Самұрық Қазына» қорында бөлім және департамент басшысы болып жұмыс істеген.

«Үздік студент болып университетті бітірдім. Сол жылдары Президенттің бағдарламасы шықты. Жақсы оқыған студенттер мемлекеттік қызметке барсын деген. Сол бағдарлама бойынша құжаттарымды жинап, қаржы министрлігіне жіберген болатынмын. Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде өз тәжірибемді бастадым», - деді қаржы басқармасының басшысы Айнұр ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА.

Байқауда үздік атанған маманның еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды. Өйткені, мемлекеттік қызметкер Айнұр Құдайбергенова ісіне тиянақты, ал артылған міндетті нәтижелі орындайды екен.

«Айнұр Амангелдіқызы жүктелген тапсырманы дер кезінде орындайтынына еш алаңдамайсың. Ол жауапкершілігі мол қызметкер. Берілген тапсырма, жүктелген міндеттерін уақытында орындайды. Ең бастысы кез келген мәселені халықтың мүддесін ойлап шешеді», - деді қала әкімінің орынбасары Әсел ЖҮНІСОВА.

2004 жылы тұрмысқа шыққан Айнұр қазір жолдасымен үш бала тәрбиелеп отыр. Жолдасы Айнұрдың қызметтегі мен үйдегі кезі мүлде ұқсамайды деп күледі. Өйткені, ол отбасына өте мейірімді қарайды. Ал жұмыс тәртіпті талап етеді деп отыр жолдасы.

«Айнұр үйде тамақты дәмді етіп дайындайды. Негізі жұмысы қиын. Бірақ соған қарамастан үш баламызға уақытында көңіл бөліп, бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Мемлекеттік қызмет пен отбасының жауапкершілігін бірдей алып жүр», - деді Айнұр Құдайбергенованың жолдасы Руслан ЖАМЕНКОВ.

Айнұр жұмыстан тыс уақытын отбасына арнайды. Демалыс күндері балаларымен қыдырғанды ұнатады. Еске сала кетейік, байқауға іріктеу екі кезеңнен тұрды. Ол эссе жазу мен комиссия алдында сұхбат беру болатын.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир