|
20.06.2017 | 11:48
2078

Алматыда ауқатты бай-бағландар мүлік салығын төлеуден қашып жүр

Алматыда ауқатты бай-бағландар мүлік салығын төлеуден қашып жүр

Алматыда ауқатты бай-бағландар мүлік салығын төлеуден қашып жүр. Зәулім сарай соғып, алайда салығын төлеуден жалтарғандардың мемлекетке берешегі миллиондап жығылады. Бір ғана Медеу ауданында бүгінде 124 баспана қожайыны қазынаға 36 млн теңге қарыз. Байларға сан мәрте берешегін айтып ескертуден шаршаған салықшылар, енді қатаң шара қолданғалы отыр.

Салық басқармасының өкілдерін берешегі барлар осылай әбден мезі етеді. Сан мәрте ескертуге құлақ аспаған бай-бағландар, өз қолымен қарызын төлеуге асығар емес. Сондықтан мамандар әрқайсының үйіне барып, мүлік салығын талап етуде. Бірақ бос әурешілік. Борышкерлер биік қоршаумен қоршалған зәулім сарайларына ешкімді кіргізбейді. Қазір Медеу ауданында мүлік салығын төлемеген 3500-ге жуық азамат болса, оның 124-і қара тізімге ілініпті. Өйткені, олардың бюджетке берешегі 36 млн теңгеге жеткен. Үй қожайындары, салыққа келгенде түлкі бұлаңға салып қашып жүр. Тіпті ұяты енді ұстағандай, бет-жүзін көрсеткісі келмеді.

Қожайындар мүлік салығын жылына бір рет, 1 қазанға дейін төлеуі тиіс. Салық құны баспананың көлемі мен бағасына қарай белгіленеді. Мәселен, мынадай сарайлардың жылдық салығы шамамен 500 мың мен 800 мың теңгені құрайды. Медеу ауданында берешегі 1 жарым млн-ға жеткендерде бар. Сараңдардың соңынан қуалаған салықшылар, енді қатаң шара қолданбақ. Бұдан былай, шық бермес шығайбайдың баспанасы тәркіленіп алынуы әбден мүмкін.

«Егер 1 шілдеге төлемеген жағдайда осы азаматтар бойынша құжаттар сот орындаушыларына жолданады. Сот орындары арқылы шешім қабылданғаннан кейін бұл мүліктер аукцион арқылы тәркіленіп, сатылып сәйкесінше бюджетке салықтар төленетін болады. Сонымен қатар, бұл азаматтардың банкілік есепайырысу шоттары бойынша шектеу қойылады. Шетелге шығу мүмкіндігі тоқтатылады», - деді Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ.

Берешегі барларға қолданылатын жаза мұнымен шектелмейді. Егер борышкерлер мойнындағы қарызынан 1 шілдеге дейін толық құтылмаса, олардың аты-жөні ақпарат құралдары арқылы жарияланбақ. Бұл қадам мүлік салығынан қашып жүргендерге ұнай қоймасы анық. Өйткені, «қара тізімге» ілінгендердің дені елге белгілі шенеуніктер, әртістер, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер екен.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир