|
09.05.2024 | 15:08
1958

Жеңіс күні: алматылықтар мәңгілік алауға гүл шоғын қойды

Қала әкімі майдангерлерді мерекемен құттықтап, зор денсаулық тіледі

Жеңіс күні: алматылықтар мәңгілік алауға гүл шоғын қойды қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Ұлы Жеңістің 79 жылдығы тойланды. Дәстүр бойынша негізгі мерекелік іс-шаралар 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өтіп, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен Мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір минут үнсіздіктен кейін Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алуға арналған Даңқ мемориалына гүл шоғын қойды.

Әкім майдангерлерді мерекемен құттықтап, ұрыс алаңында және еңбек майданында көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтып, зор денсаулық, мол бақыт, амандық тіледі.

Өз кезегінде ардагерлер кездесу барысында қала басшылығына назар аударғаны үшін ризашылық білдіріп, Алматы тұрғындары мен қазақстандықтарға бейбітшілік пен жақсылық тіледі. Сондай-ақ естелігін бөлісіп, өлең оқып, соғыс туралы әндер айтты.

– Елімізде соғыс болмасын, бейбітшілік болсын. Бәріңізге жақсылық тілеймін! Жастар әскер қатарында абыроймен борышын өтесін! – деді «Өршіл рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Мұхаметалин.

– 9 мамырда немерелерімді ертіп, мерекелеуге келіп тұрмыз. Бізден кейін де ұрпақтар соғысқа кеткен ата-бабасын ұмытпай, тағзым етіп, патриоттық сезімін ояту үшін саябаққа әкелдім, – деді  қала тұрғыны Айнұр Мұнтаева.

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта қала тұрғындары мен қонақтары үшін далалық ас үй ұйымдастырылды, мерекелік концерт өтіп, қазақстандық әртістер майдан әндері мен соғыстан кейінгі жылдардағы әндерді шырқады.

Сондай-ақ Алматыда Б. Момышұлы монументіне, Т. Бигелдинов, С. Нұрмағамбетов мемориалдық тақтасына, С. Луганский бюстіне, Ә. Шәріпов ескерткішіне, «Отан ұлдарына мәңгілік естелік», «Белгісіз сарбаздың қабірі» және «Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ» мемориалдарына гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Мектептер мен колледждерде әскери қызметшілерді, ардагерлерді, қатардағы азаматтардың қатысуымен «Ерлік сабақтары», балаларды әртүрлі әскер түрімен таныстыру бойынша сабақтар өтті.

Соғыс жылдарында майданға 1,3 млн қазақстандық шақырылды. 100 мыңнан астам қазақстандық жауынгерлік орденмен және медальмен марапатталды, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Алматыда Ұлы Отан соғысының 43 ардагері тұрады.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне гүл шоғын қойды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир