|
29.07.2020 | 23:04
4648

Медеу ауданының тұрғындары 3 айға созылған жалғыз жолдың құрылысы аяқталмай жатыр деп шағымданады

Мұнда шамамен 60 шақты үй бар, дәлірек 200-дей адам тұрады

 Медеу ауданының тұрғындары 3 айға созылған жалғыз жолдың құрылысы аяқталмай жатыр деп шағымданады almaty.tv

«Баяғы жартас – сол жартас». Медеу ауданының тұрғындары мамырда жауған нөсер салдарынан опырылып қалған жалғыз жолдың құрылысы аяқталмай жатыр деп шағымданды. Тау баурайында орналасқан Алмалық көшесінің жартысы опырылып жарға айналған. Бұқараның сөзінше, жөндеу жұмыстары сағызша созылып, халық әрі-бері қатынаудан қалыпты. Ал құрылысқа жауаптылардың айтар өз уәжі бар. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Медеу ауданында орналасқан Алмалық көшесінің тұрғындарынан бірнеше айдан бері маза қашқан. Жотаның жиегіне жапсарлана жасалаған тас жол құдды бір екі бөлікке үзіліп қалған іспетті. Таудың жоғары бөлігінде өмір сүретін тұрғындар опырылған жерге дейін көлікпен келіп, ары қарай үйлеріне жаяу барып-келеді. Мұнда шамамен 60 шақты үй бар, дәлірек 200-дей адам тұрады.

«Біздің мына тұрғын жердегілердің бәрі зейнеткерлер. Оларға жаяу жүру өте қиын. Нан алу үшін де қиын. Мына жерге 3 шақырым түсіп, 3 шақырым көтерілу деген біз үшін өте қиын мәселе. Сосын анау құрылыс. Саяжай деген – саяжай. Күнде бір жері сынады, біресе (үйдің) төбесі сынады. Жаңбыр су ақты ма, шифры түсіп кетті. Осы күнге дейін ағып жатыр. Оны жөндеп (материал) әкелуге жағдай жоқ», – деді Алматы қаласының тұрғыны Жаппар Берімбаев.

Тұрғындар жол жиегі сәуірдің 30-ы күні опырылғанын айтады. Ал жөндеу жұмыстары шілденің басында ғана басталған. 4 ай бойы адамдар мынадай жалғыз аяқ жолмен жүруге мәжбүр болған.

Жедел жәрдем мен қоқыс шығаратын көліктердің келуі де жырға айналыпты. Тұрғындар қазіргі пандемия кезінде біреу-міреу аяқ-асты сырқаттанып қалса көмек дер кезінде берілмей қалады деп алаңдайды.

«Мысалы, жақында ғана Көкжайлауға бара жатқан бір қыз аяғын сындырып алды. Тұрғындар жабылып жүріп оны осы жерге дейін әкелді. Әрі қарай не болғанынан хабарым жоқ. Бізге ең болмаса уақытша өтетін жол жасап берсе екен. Осыдан екі ай бұрын мердігер компаниямен солай келіскен едік. Олар жолды маусымда жасап береміз деген. Одан кейін аудан әкімдігінің адамдары келіп 1 шілде аяқтаймыз деді. Сосын 10-ы, сосын 20-сы деді. Енді 30 шілде деп созбаққа салып отыр», – деді Алматы қаласының тұрғыны Александр Керимов.

«Басында екі ай ештеңе жасалмай осылай тұрды. Оған түсіністікпен қарадық. Сосын мердігерлер жап-жақсы жоба дайындаған. Бірақ жылдамырақ бітіретін жұмысты түрлі сылтаулар айтып кешеуілдетіп келеді. Біресе миксер бері қарай келе алмайды, біресе материал жетпейді деді. Қазір енді ғана жәйлап әрекет ете бастады», – деді Алматы қаласының тұрғыны Андрей Нагин.

Айтса айтқандай, бұл мәселені біздің арнамыз бұған дейін де көтерген. Бұл кадрлар 2 маусым күні түсірілген. Сол кезде Медеу ауданы әкімінің орынбасары да осында болып жұмыстардың қай уақытта аяқталатынын айтқан еді.

«Для удобства и комфортного передвижения жителей автодорогу в первую очередь мы хотим востановить где-то в течений этого месяца. В ближаещем в течение месяца мы востановим да», – деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Мәдиев.

Жауаптылардың сөзінше жолдың жөнделмей жатқанының бірнеше себебі бар.

«Жұмыстың уақыты  бойынша кішкене қиыншылық болды. Біріншіден, ол қазіргі кезде Алматы қаласы бойынша карантиндік режим сақталуына байланысты компаниялардың жұмысшылары ауырып қалғаннан кейін уақыты кішкене ұзартылды. Қазір бірақ жұмыс толық жүріп жатыр», – деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Сұлтанбаев.

Сондай-ақ, мамандар ол аумақ күрделі құрылыс жұмысын қажет етеді дейді. Көшенің бойында бұдан бөлек апатты деп табылған тағы екі аймақ белгіленген екен. Сондықтан құрылысшылар мәселені жүйелі шешуді көздеген.

«Бұл аумақта топырақ көшкіні болу қаупі жоғары болғандықтан, біз мықты технология қолдану керек деп шештік. Ол үшін кейін өзен шайып кетпестей етіп жардың қабырғасын габионмен торлап, бекітеміз. Жота бөктері шіріп кетпейтін арнайы материалдармен бекітіліп, анкерлік жүйе қолданамыз. Сондықтан бұл бірден жасалатын жұмыс емес. Құрылымы күрделі», – деді мердігер компанияның бас директоры Валерий Соломко.

Сондай-ақ, жол маңына дренаж жүйесімен арық, жаңбыр суына тосқауыл жасайтын арнайы кәріз салынбақ. Мұндай ірі техникалық күшті қажет ететін жұмыстарды толығымен қыркүйекте бітіреміз деп бекініп отыр мердігер компания. Ал уақытша өте тұратын жолды тамыздың 4-іне дейін жасап береміз деп сендірді.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир