|
24.07.2020 | 21:59
6202

Қала тұрғындарынан маза кетті: Алматыда зиянкестермен күрестің 3-кезеңі басталды

Осы түнде арнайы 8 бригада жасақталып, мегаполистегі жасыл желектерді дәрілеуге кірісті

Қала тұрғындарынан маза кетті: Алматыда зиянкестермен күрестің 3-кезеңі басталды facebook.com/OpenAlmaty

Алматыда зиянкестермен күрестің үшінші кезеңі басталды. Осы түнде арнайы 8 бригада жасақталып, мегаполистегі жасыл желектерді дәрілеуге кірісті. Неге биологиялық өңдеу кешкі уақытта өтеді? Жасыл желектің жаз ортасында жаппай қурауына не себеп? Кезекті залаласыздандыру шараларына Almaty.tv тілшісі  Сымбат Ноғай қатысып қайтқан еді.

Жергілікті мамандар осы уақытқа дейін аймақтағы зиянкестердің 30 түрімен күресіп келген.  Ал енді олардың қатарына қалада бұрын-соңды болмаған жаңа 6 зиянкес қосылған. Соңғы жылдары қала тұрғындарынан да маза кетті. Өйткені олар есік-терезелерін емін-еркін ашудан да қалыпты.

«Қазіргі уақытта ауданымызда қоңыздар мен ағаш қандаласы қаптап кетті. Оған тек биологиялық өңдеу ғана қарсы тұра алады деп ойлаймын. Биыл тіпті терезені ашуға да қорқамыз», – деді қала тұрғыны Олег Иванов.

Ал Медеу ауданы бойынша өсімдіктердегі зиянкестерді залалсыздандыруға мына 6 команда дайын тур. Ерітінділердің адам және жануар денсаулығына зияны жоқ. Себебі бұл процесске биологиялық қоспа қолданылады екен.  

Биологиялық өңдеу әрдайым түнгі он бірден таңғы бес жарым аралығында өткізіледі. Себебі ерітіндіге ең тиімді температура 18 бен 30 градустың аралығы.

«Бұл жұмыстың бір ерекшелігі бұл жұмыс ауа температурасының қатты жоғары емес кезінде, ауа ылғалдылығының төмен кезінде және де обработка болғандықтан, өңдеу жұмыстары болғандықтан адам саны аз, техника санының жүрісі аз болған кезде жасаған ыңғайлы», – деді мердігер ұйымның басшысы Жәнібек Сапарбекұлы.

Ал Наурызбай ауданында жылжымалы лаборатория жұмыс істейді. Онда өсімдіктерге диагноз қойылып, тиісті препараттар тағайындалады екен. Мамандар зерттеу барысында аймаққа емен, қарағаш егеушісі, талшын мүркөбелегі сынды жаңа зиянкестердің келгенін анықтаған. Алматының ауа-райы олардың таралып кетуіне қолайлы болып тұр екен.

«Құрттың санын анықтайды, жұмыртқаларын анықтайды және зияндылығын анықтайды. Болжам жасайды. Соған қарай зертханадағы мамандар өңдейтін балаларға жазады, ұсыныс береді. Қай жерде қандай құрттар қандай мөлшерде келе жатыр, қандай препаратты қолдану керек, қай концентрацияда дегендей», – деді Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Нұржан Мұхаммадиев.

Зиянкестерді залалсыздандыру жұмыстары Алатау ауданында да жалғасын тапты. Ал жалпы қала бойынша өңдеу шараларына 30 арнайы техника және  40 аспалы моторлы бүріккіш тартылған. Айта өту керек, қала бойынша жасыл желектің ауданы шамамен 851 гектарды құрайды.

Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир