|
27.09.2023 | 18:34
5202

«Белгісіз батырлар»: отандық кино саласы тарихи комедиямен толықты

Фильм ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі

«Белгісіз батырлар»: отандық кино саласы тарихи комедиямен толықты Almaty.tv

Отандық кино саласы тарихи комедиямен толықты. «Белгісіз батырлар» деп аталатын жаңа туындының жабық көрсетілімі Алматы қаласында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

XVIII ғасыр. Әйгілі Аңырақай шайқасындағы жаугершілік өмір. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы аттанған соғысы. Мұның бәрі «Белгісіз батырлар» тарихи комедиясында көрсетілген. Десе де, түсірілім тобы «фильмнен қандай да бір тарихи астар іздеудің қажеті жоқ» дейді. Комедияның мақсаты – көрерменнің көңілін көтеру.

–«Тарихты қор қылдыңдар» деген комментарий жазылып жатыр. Бірақ кино ешқандай тарихи оқиғаға негізделмеген. Шетелдің «Астерикс пен Обеликсіне» ұқсайды. Тек батырлардың киімі, ежелгі кезеңді бейнелейтін декорация пайдаландық. Қазіргі замандағы оқиғаларға сарказм, – деді актер Нұрболхан Шарапов.

Фильмдегі екі ел арасындағы шайқас пен соғыс сахналарын түсіру үшін кәсіби каскадерлер қатысқан. Сценарий жазу, режиссерлік, графикалық және музыкалық дизайн бойынша еліміздегі кино саласындағы жетекші мамандар жұмыс істеген.

– Өткен шақ пен осы шақты салыстыра отыра, қоғамдағы кемшілікті, шындықты айтуға тырыстық. Ашық айтпақсақ та, жанап өттік. Киноны көруге шақырамын, – деді актер Рамазан Амантай

Тарихи комедия – коммерциялық жоба. Отандық телевизия саласына түрлі бағытта телеөнім дайындап жүрген 3 компания бірлесіп түсірген.

– Бір продакшнда соншама талантты адам жоқ. Бұл жерде 3 продакшндағы талантты актерлар бірлесіп, жақсы дүние шығардық деп ойлаймыз. Қаржысы 180 млн теңге болды, – деді фильм продюсері Шолпан Батырбаева.

Фильмнің жабық көрсетілімі алдымен Алматы қаласында өткізілді. Ашық аспан астында ұйымдастырылған премьераға елімізге танымал өнер жұлдыздары мен түсірілім тобы қатысты. Фильм ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Таразда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар тергеліп жатыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир