|
29.02.2024 | 19:19
2833

Жарты ғасыр жөндеу көрмеген апатты мектепте оқушылар қалай оқып жүр

Ата-аналар іргесі де сөгіліп тұрған білім ордасында жаңбыр жауса, төбесінен су сорғалайды дейді

Жарты ғасыр жөндеу көрмеген апатты мектепте оқушылар қалай оқып жүр Almaty.tv

Павлодар облысында апатты жағдайда тұрған ескі мектепте оқушылар білім алып жүр. Облыс орталығынан 60 шақырым жердегі Тілектес ауылындағы білім ордасының салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Бірақ ғимараттың келбеті көзге көрініп тұрса да, тексеруге келгендер апатты деген кесім айтпады. Тек тексеріп ғана білмек екен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Баламыз мектептен келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз деген тұрғындар базынасын билікке тағы жеткізді. Тағы дейтініміз, екі жыл бұрын ғана сараптама жасалып, тексергендер 40 пайызға ғана тозған деген баға беріпті. Қырық бала оқитын мектепті ешкім керек қылмаса керек, билік аса бас ауырта қоймаған көрінеді. Содан бері қырық түгіл бір пайызы да жөнделмеген. Ал қазір жел соқса іші азынап, аязда қабырғасына қырау қатады. Ата-аналар іргесі де сөгіліп тұрған білім ордасында жаңбыр жауса төбесінен су сорғалайды дейді. Оның үстіне мұнда спортзал да жоқ екен.

«Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша осы мектепке арнайы келіп, танысып, өз көзімізбен көрдік. Оның артынан әлеуметтік желіде резонанс тудырған жарияланымдар болды. Бұл мәселеде, әрине, облыстық білім беру басқармасы немесе өзгелер де мектептің салынуына қарсы емес», – деді облыстық мәслихат депутаты Асылбек Тұғанбай.

Мамандардың айтуынша, білім ошағына жарты жыл сайын сараптама жүргізілуі тиіс. Бірақ ауыл жұрты жөндеу жасауға келмейді дейді. Ал билік өкілдерінің сөзінше, ғимаратты апатты деп тану үшін тағы сараптама өткізу керек.

«Күрделі жөндеуге келіспейміз. Бізге жаңадан мектеп салынсын», – деді Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов.

Ал Астанадан арнайы келген сараптама орталығының мамандары да мектептің жағдайы мүшкіл екенін айтты. Бірақ сөз жүзінде ғана. Айтқаны дәлелді болу үшін заңды шешім шығуы қажет.

«Мектеп өте ескі. Қазір техникалық сараптама жасап жатырмыз. Дайын болғанда қорытындысын шығарамыз. Мұның бәрі есептеледі», – деді Астана қаласы сараптама ұйымының маманы Дулат Рахметуллин.

Мектепке жасалған экспертиза нәтижесі 10 күннен кейін бір-ақ шығады. Ал ауыл оқушылары қорытынды шыққанша қабырғасы қисайған ғимаратта оқуын жалғастыра бермек. Тілектестегі тұрғындардың жаңа мектеп салынса деген тілегі арқадан келген тексерушілерге байланысты болмақ.  

Әйгерім Тоқпанқызы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир