29.10.2013

Сауд Арабиясы әйелдердің көлік жүргізуіне тыйым салды

Дүние жүзі бойынша Сауд Арабиясы әйелдердің көлік жүргізуіне тыйым салған жалғыз ел болып отыр. Соған қарсылық білдіріп, көлік тізгініне отырған 16 әйел жазадан 80 доллар беріп құтылып, ендігәрі мұндай әрекетке бармайтынын айтып, құтылыпты. Алайда, біздің елімізде жағдай басқаша. Алматыда әрбір үшінші әйелдің жеке көлігі бар. Нәзік жандардың көлік жүргізуі қауіпті ме, толығырақ тілші жалғастырады.

Сауд Арабиясында әйелдердің көлік жүргізуіне тыйым салынған. Жуырда бұл заңға қарсылық білдіріп, көлік тізгіндеген 16 әйел айыппұл төлеп, дүреден құтылыпты. Соған орай, интернетте пайда болған «Жоқ, әйел, рульге отырма!» деген мына бейнебаян қазір интернетте кең танылып та үлгерді. Әнші Хишам Фагих бұл әні арқылы әйелдерге қойылған тыйымды әзіл-қалжың түрінде жеткізуге тырысады.

Сауд Арабиясы Корольдігі нәзік жандардың рульге отыруы қоғамға қауіпті, оның үстіне бұл бедеулікке әкеп соқтырады деген уәж айтады. Бұл ел нәзік жандылардың көлік жүргізуіне қарсы дүниежүзіндегі жалғыз мемлекет болып отыр. Заңнан аттағандар түрмеге жабылып, тіпті бірнеше мәрте арқасына дүре соғылады екен. Ал бізде жағдай мүлде басқаша. Жыл сайын көлік тізгініне отырған әйелдер саны артып келеді. Алматы көшелеріндегі әрбір 3-ші жүргізуші қыз-келіншектер екен.

Эдуард ЭДОКОВ, Тәуелсіз көлік жүргізушілері одағының төрағасы:

- Әйелдер көлікті керемет жүргізеді. Бірақ ол, жол қауіпсіздігі ережелерін оқып, жүргізуші куәлігін маңдай терімен алғандарға қатысты. Олар тәуекелге көп бара бермейді, ер адамдарға қарағанда жолда жүру мәдениеті де жоғары. Ал көлік пен куәлікті сыйлыққа алған жүргізушілер, әйел ме, еркек пе бәрібір, үлкен қауіп төндіреді.

Ал, психолог Анна Құдиярованың ойынша, "әйелдерден де мықты жүргізуші шығады". Өйткені, кез-келген жағдайда, әсіресе бауыр еті баласы үшін үлкен жауапкершілік сезінетін нәзік жандар қауіп-қатерге бас тіге бермейді. ЖаҺандану жағдайын, қазіргі әйелдердің мойнына тағылған жүкті есепке алғанда, әйелден рульді қызғану - бекершілік.

Анна ҚҰДИЯРОВА , Орталық Азия Психоанализ Институтының директоры:

- Дәстүрлі психология бойынша көшбасшы жігіт болу керек. Бұл еркектердің қызғанышы, екіншіден қыздардың тырмысуы.

Психологтың ойынша, "көлікті жын соққандай, асығып жүргізу көбіне еркектерге тән". Бұл Алматының жолдары мен көлік ағынын ескерсек, өзін-өзі өлімге итермелеумен бірдей. Тіпті әйелдерге қарағанда, ерлердің арасында «жасырын суицид» дертіне шалдыққандар да бар. Бұл ауруды ондай жүргізушілердің өздері де біле бермейді екен. Соңғы 4-айда Алматыда болған жол апаты салдарынан 676 адам қаза болса, оның 456-сы ер адам, 220-сы нәзік жандар екен. Ал, алматылық қыз-келіншектер болса, өздерінің көлікті ерлерден кем жүргізбейтініне сенімді.

Әлия Алмауытова, Жүсіп Дәулетов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир