06.11.2013

Алматылық жастар Отан алдындағы борышын өтеуге жол тартты

Алматылық жастар Отан алдындағы борышын өтеуге жол тартты. 28-панфиловшылар саябағында «Әскерге шақырылғандар күні» аталып өтті. Елдің болашақ жауынгерлерін шығарып салу сәті мерекелік концертке ұласты. Толығырақ тілші Аршын Кемелжан жалғастырады.

Қаладағы жеті ауданнан жиылған 35 жігіт еліміздің шекара қызметінде әскери борышын өтемекке шешім қабылдаған. Солардың бірі - Жайық Таукенов. Оның айтуынша, Отан алдындағы міндетін өтеу - азаматтық парыз. Жоғары оқу орнын тәмәмдаған Жайық өзінің болашағын әскери саламен байланыстырғысы келеді.

Жайық ТАУКЕНОВ:

- Алты ай әскерде қызмет етемін. Өйткені мен Орта Азия Университетінің құқықтану бакалаврын бітірдім. Сондықтан сол жерде қалып, ары қарай келісім шартпен жұмыс істегім келеді. Қазір жақсы жұмыс табу қиын ғой. Сол себепті нақты жұмыс тауып, ары қарай жұмыс жасап кеткім келеді.

Болашақ Отан қорғаушыларды салтанатты түрде шығарып салу үшін саябақтағы "Мәңгілік алау" маңына қала тұрғындары лық толды. Көктемгі әскерге шақыру маусымында Оңтүстік астанадан 300 жігіт өз міндетін өтеуге аттанған болатын. Осы маусымда тағы 500 бозбала борышын өтемек.

Ахметжан ЕСІМОВ, Алматы қаласының әкімі:

- Сапқа тұрған сәттен бастап әр жігіт өзінің туған жерімен және халқымен бірге қайнасқан бір тұлға екендігін сезінеді. "Әскери борыштарыңызды абыроймен атқарып, аман есен оралыңыздар" деген тілек білдіреміз. Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз қашан да биік болсын.

Салтанатты шараға келген аға буындар жастарға тек сәт-сапар тілеп, естелік сыйлықтар табыстады. Ал, десантшылар болса, жастарға арнап жекпе-жек өнерінен үзінді көрсетті. Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшыларының айтуынша, Отан алдындағы міндетін өтеушілер саны жыл санап артып келеді.

Ерлан НҰРТАҚАНОВ, Алматы қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:

- 2016 жылы 100 пайыз тек келісімшарт қызметкерлерін ғана алатын боламыз. Биылдан бастап әскерге шақырушылар санын азайтып, бірақ сапасын көтеріп жатырмыз. 85 пайызы тек қана жоғары біліммен болу керек. Қалған 15 пайызы орта техникалар.

Еліміздің Қарулы күштері биыл 16 мың жауынгерге толығады. Олардың ішінде 800-і - алматылықтар. Жалпы республика бойынша 80 мың азамат әскери міндетін өтеген. Бүгінде оның 65 пайызы келісім шарт бойынша қызмет етіп жүр. Міндетін өтеген жігіттердің "сайдың тасындай" іріктелгендері ғана аталған келісімшартпен жұмыс жасап қалмақ. Ол үшін әскери техника мен іс-қимылды жетік білулері шарт.

Аршын Кемелжа, Әл-Фараби Гусинцов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир