25.11.2013

Алимент төлеу - қарыз емес, парыз!

Алимент төлеу- қарыз емес, парыз! Әйтсе де кейбір әкелер бала алдындағы борышын өтемей, қашып жүр. Санаққа сүйенсек, қалада түрлі себеппен ажырасып, алимент төлеуге міндеттелген 14 мың азамат бар. Соның жартысы өтемақы төлеуден жалтарады. Құзырлы мекемелер да қарап жатқан жоқ. Қашқын әкелерге қатысты шаралар қолданып жатыр. Ол нақты қандай шара. Бұл туралы тілшіміз Әйкерім Ердәулетқызы айтып берсін.

Роза жолдасымен дәм-тұзы жараспай, 3 жыл бұрын ажырасып кеткен. "Баласына ай сайын алимент төлеп тұрамын",- деген отағасы өз сөзінен тайқып шыққан. Қамқор әкенің кейпін ілуде бір танытатын көрінеді. Алайда, соңғы 2 жылда соқыр тиын да төлемеген. Енді оның берешегі 1 миллион теңгеден асып жығылады. Ал амалы таусылған келіншек заң орындарына жүгіріп әлек.

Роза, жалғызбасты ана:

- Ол ешқашан баласымен көрісуге келмеген. Ал баламның қазір денсаулығында ақауы бар. Оған көп дәрі -дәрмек керек. Енді төлесін өзіне тиесілі қарызын.

Ал жалғызбасты келіншектің бұрынғы күйеуі оның сөзін жоққа шығарып отыр. "Үнемі ақшалай көмектесіп, балаға қажетті заттарды алып беріп жүрмін",- дейді ол. Алайда, қолма-қол қаражат бергенді дәлелдей алмайтынын енді түсінген сыңайлы.

Сот орындаушылары қандай жағдай болмасын заңнан ешкім қашып құтыла алмайды дегенді алға тартады. Енді осы айдан бастап, жалақысының 50 пайызы автоматты түрде баласының шотына аударылып тұрады.

Арман Мамұтов, Алатау аудандық сот орындаушы бөлімінің басшысы:

- Борышкердің қарызы 3 айдан асып кеткен жағдайда жеке мүлкінен өндіріп алуға шаралар қолданылады. Қазір борышкердің түсініктемесін алып отырмыз. Көлігі тікелей жұмысымен қатысты болғандықтан, айлығынан ұсталып қалады. Заң бойынша бар.

Қазір қаламызда қашқын әкелерге қатысты қатаң шаралар қолданып жатыр. Мәселен, қалалық сот орындаушылары 4 күннің ішінде 1 мың істі қараған. Нәтижесінде жауапкершіліктен бас тартқан борышкерлердің жеке мүлкі тәркіленді.

Берікбол СӘМЕНОВ, Алматы қ. сот актілерін орындау департаменті басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда осы акцияның басталғанынан бері сот орындаушылары 2 автокөлік тәркіледі. Сонымен қатар, 3 борышкерге қатысты әкімшілік шаралар қолданды. Оларға 5 есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынды.

Тәркіленген жеке мүліктер сатылатын болады. Одан түскен қаражат борышкер әкелердің қарызын жаппақ. Тіпті, күнкөріс табысы жоқ адамдар да қажетті сомманы төлеуге міндетті. Ал тәртіпке бағынбағандарға шетелге шығуға шектеу қойылған.

Прямой эфир