22.11.2013

Алматы жаяу жүргіншілер қаласына айналады

Алматы жаяу жүргіншілер қаласына айналады. Тұрғындардың басты көлігі - муниципиалды автобустар мен велосипедтер болмақ. Бұл қаланы көркейту сәулеті бойынша танымал кеңесші Ян Гейлдің оқыған лекциясынан түйгеніміз. Толығырақ тілші Аршын Кемелжанның репортажы.

Қаланы көркейту үшін көліктер қатарын қысқартып, темір тұлпар тұрақтарын азайту керек. Әлемге әйгілі сәулетші Ян Гейл шаһардың шырайын кіргізетін өзіндік ой-пікірімен бөлісті. Оның тәжірибесі дүниежүзінің ірі қалаларында көп пайдаланылады.

Ян ГЕЙЛ, сәулетші:

- Сіздердің қала көгалданған, жасыл желекке оранған, абаттанған екен. Ағаштары әдемі сая беріп тұр. Көшелеріңіз де кең. Бұл жаяу жүргінші, велосипед, трамвай жолдарын, автокөлік қозғалысын сыйдыруға мүмкіндік береді. Қала келбетін өзгертетін мүмкіндіктеріңіз өте мол. Көлік құрылымын теңестіруге әбден болады.

Осы ретте Алматы қаласының әкімі алып шаһарда көлік кептелісін азайту мақсатында қыруар жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, қос дөңгелекті көлікті ұтымты пайдалану ісі кеңінен насихатталып жүргендігін айтты. Мысалы, соңғы бес жылда қалада велосипед сату 6 есеге артқан. Оны жөндейтін шеберханалар да пайда болды. Алматы концепциясында жер асты темір тұлпар тұрақтары мен муниципалды қоғамдық көліктерге үлкен мән берілген.

Ахметжан ЕСІМОВ, Алматы қаласының әкімі:

- Автобустың тең жартысы муниципиалды әрі газбен жұмыс істейді. Бұдан өзге біз 195 жаңа троллейбус сатып алдық. Метрополитеннің жаңа стансаларын салудамыз. Қоғамдық көліктің жұмысын ретке келтірген соң, кейбір көшелерде жеңіл темір тұлпарларға шектеу қойылады. Есесіне жаяу жүргінші мен велосипедшілерге кең жол ашылады. Алматыда соңғы жылдары велошеру жиі өтіп келеді. Велосипед салауатты өмір салтын сақтаудың бірден-бір жолы. Спорттың бұл түрі қозғалыс көлігіне айналады.

Сәулетшінің өмірлік принципі - қала көлік үшін емес, оның тұрғындарына арналған. Сондықтан, жаяу жүргіншілерге барлық жағдай жасалуы тиіс. Осы тұрғыда Гейл мырза әлемнің ірі қалалары бастан кешіп отырған проблеманың Алматыда да бар екенін айтты. Ол көлік қозғалысын ретке келтіріп, темір тұлпарлар санын қысқарту. Шара соңында Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен сәулетші Ян Гейл әлемнің ірі қалаларында жүзеге асқан озық идеялардың Алматыда да жүзеге асуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Аршын Кемелжан, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир