05.11.2013

Алматыда жұмыссыз жүрген азаматтардың қатары азайған

Алматыда жұмыссыз жүрген азаматтардың қатары азайған. Бүгінде олардың үлесі тұрғындардың жалпы санының 5,6 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізуге "Жұмыспен қамту" бағдарламасының тиісті деңгейде жүзеге асырылуы септігін тигізіп отыр. Тақырыпты Қайырбек Жәйлібекұлы толықтырады.

Жар құлағы жастыққа тимей, жұмыс іздеген жандар көктен сұрағанын жерден табады. Ол үшін ізгі ниет пен ынта қажет. Бұл жұмыспен жарылқайтын құзырлы мекеме қызметкерлерінің қағидалары. Айтуларынша, екі қолға бір күрек таба алмай, сандалып жүрген азаматтарға барлық мүмкіндіктер қарастырылып қойған. 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бағдарламаның арқасында мыңға жуық адам қызметке араласып та кетіпті. «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен кәсіби дайындықтан өткізу және біліктілігін арттыру шаралары да қолға алыныпты. Алғашқысында 3 ай, білімін жетілдіремін деушілер 2 ай курстан өтеді. Тәлімгерлер оқимын деп тиыннан типыл болмайды. Барлық шығынды Үкімет өз мойнына алған. Керек десеңіз, оқушылар жолына, түскі асына арнайы тағайындалған шәкіртақымен қамтамасыз етіліпті.

Бижан ДӘЛІПОВ, «Жұмыспен қамту орталығы» МКК бөлім басшысы:

- Прописка дейміз ғой. Жеке куәліктері алған дипломдары, құжаттары болу керек. Комиссиядан өткеннен кейін жіберіледі.

Бүгінде биыл дайындық курстарынан өткен 420 азаматтың жартысынан астамы өздеріне тиісті шаруаларды атқарып жатыр. Солардың бірі – Екатерина. Колледжді тәмамдаған ол «дипломмен жұмыс іздеп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады»,- дейді. Құрбыларынан естіп, жұмыс орны жәрмеңкесіне келген. Артынша, оны жастар тәжірибесінен өтуге шақыруы сынған көңіліне сеп болғанын айтады. Сөйтіп, қазір Алматыдағы беделді компаниялардың бірінде менеджер қызметін атқаруда.

Екатерина ГАГАРИНА, Алматы қаласының тұрғыны:

- Жүгінгеніме еш өкінбеймін. Негізі жұмыс істеймін дегенге екі қолына бір күрек табылады. Алматыда жұмыс орны көп.

Ал Гүлназдың бұл аудиторияға келіп жүргеніне бүгін 3 күн. Ол бухгалтерлік саласындағы білімін арттырып жатыр. Міндетін мінсіз орындаған азаматша қысқартудың салдарынан қысы-жазы жұмыссыз үйде отырған. Жалпақ жұртқа жол тарқан жарнамаларды көре сала, үн қосты. Көкейіндегі басты тілегі – жұмыс табу.

Гүлназ ІЗДАМАСОВА, Алматы қаласының тұрғыны:

- Белгілі себептермен жұмыссыз қалдым. Соданк ейін жұмыспен қамту бағдарламасына тіркеліп, бухгалтерлік курсқа жазылдым.

Қазір 130-ға тарта адам біліктілігі мен білімін шыңдау мақсатында кәсіби шеберлігін тыңғылықты меңгеруге атсалысып жатыр. Олар курс аяқталысымен, жұмыспен қамтамасыз етілмек. Жалпы бүгінде техникалық мамандарға сұраныс артуда. Ал Алматыда жұмыссыздар саны айтарлықтай азайған. Олардың үлесі тұрғындардың жалпы санының 5,6 пайызын құрап отыр.

Қайырбек Жәйлібекұлы, Тоқмұлда Құсайынов, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир