23.06.2016

Ғалымдар ауыл шаруашылығында салықты алып тастауды ұсынды

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ТМД елдерінен келген жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары кеңесіне қатысу үшін,арнайы Алматыға ат басын бұрды. Достастық елдеріндегі отыздан аса жоғары оқу орындары басшылары өзара тәжірибе алмасып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін талқылауға келген. Жиында жаңа аграрлық мамандықтар ашу және агроөнеркәсіптік кешенде заманауи технологияларды әзірлеу секілді маңызды мәселелер талқыланды. 

Жиында ең бірінші болып сөз алған Мемлекеттік хатшы Елбасының ауыл шаруашылығы саласына аса мән беретіндігін айтты. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында» азық-түлік қауіпсіздігі ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері қатарына жатқызғанын жеткізді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін дамыту  бұл тәуелсіз мемлекеттің дамуының басты шарты деді. Кеңес барысында Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанынан құрылып жатқан агротехникалық хабтың ұйымдастырушылық құрылымымен танысты. Ал, осындай құрылымдар АҚШ, Аргентина, Бразилия, Израиль және Австралия сияқты елдерінде табысты жұмыс жүргізіп жатыр.

"Ширек ғасыр арасында еліміз әлемдік қауымдастықта экономикасы дамыған, қазіргі заманғы өркениетті мемлекет ретінде танылды. Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі жетекші аграрлық елдердің бірі ретінде Қазақстанның алдында ауыл шаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, экспортқа бағдарланған әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті. Өнім өндірісін ұлғайту туралы үлкен міндеттер тұр. Елбасы Н.Назарбаев "Қазақстан-2050" стратегиясы, "Агробизнес-2020" бағдарламасы және Ұлт жоспарында айқындалған міндеттерді орындау үшін білім, ғылым, және өндірістің тығыз бірге жұмыс істеуін атап өткен болатын",- деді  ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА.

Биыл мемлекеттен ғылыми-зерттеулермен айналысуға 60 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде 4,2 млрд теңге ауыл шаруашылығы саласын зерттеуге арналған. Дегенмен бұл соманың өзі мардымсыз,- дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов. Бұған қоса, жиында агроөнеркәсіпке бөлінген қаражат жөнді игерілмейтіндігі де айтылды. Мәселен, шаруаға жарамды 215 млн гектар жерді мамандар дұрыс қолданып жатқан көрінеді. Соған сәйкес, соңғы 20 жылда өнім өндірісі жалпы 30 пайызға төмендеген. Сондықтан ғалымдар ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді құнарландырудың арнайы бағдарламасын ойластыру керек деген ұсыныс айтты.

"Біздің мемлекет отарлы мал шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндігі бар елдердің санатында. Бұл қазіргі таңда ең маңызды, көптің мүмкіндігі келе бермейтін малды өсіру түрі. Осыдан кейін экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік туады. Қазақстанның бренд тауарлары саналатын апорт алмасы, ұн, астық, ет, қымыз бен шұбат секілді өнімдері бар. Оларды ары қарай дамыту үшін ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет. Бізде инновациялық заманауи технологиялар жеткіліксіз",- деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес ЕСПОЛОВ.

Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда 190 мың шаруа қожалықтары өнім өндірумен айналысады. Ал, бір жарым миллион адам үй шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Бірақ ауыл шаруашылығы ауқымын кеңейтуге бұл жеткіліксіз. Оның үстіне мемлекеттік қолдау деңгейі төмен деп қынжылады аграрлық салада білім беретін мамандар. Мемлекеттік көмек деңгейі, мәселен Белоруссияда - 17 пайыз, Ресейде - 7, ал Қазақстанда бар болғаны 5 пайыздан аспайды. Тіпті, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция құюға шетелдік кәсіпкерлер де тартыншақтайды екен. Сондықтан салықты алып тастауды ұсынды ғалымдар.

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир