19.11.2013

Армия үйі түнгі клубқа айналып кетуі мүмкін

Алматыдағы Армия үйі түнгі клубқа айналып кетуі мүмкін. Аптаның әр демалыс күндері әскери қызметкерлердің ошағында 30-дан асқан жалғыз бастыларға танысу, ал зейнеткерлерге би кештері ұйымдастырылып жүр. Соңғы бес жылдан астам уақыт бойы Қорғаныс министрлігіне емес, кәсіпкерлерге тиесілі мекемеде офицерлер бастаған топ наразылық шарасын өткізді.

Бұл - бесік тербетуден бір мезгіл қолы босаған әжелеріміздің биі. Олар аптасына екі рет сенбі, жексенбі күндері Армия үйінде бас қосады. Аталған мекемені жеке кәсіпкерлер жалға алып, 60-тан асқан жандар үшін сауық кешін өткізетін. Алайда, қариялар енді 1-ші қаңтардан бастап дәстүрге айналған жиындарға тосқауыл қойылатын айтып, алаңдап отыр.

Кеңес РАЙЫСОВ, 74 жаста:

- Осыған бес күн дайындаламыз, екі күн келіп демалу үшін. Осы екі күннің ішінде біз барлық ішіміздегі жиналған оқиға, қайғы, ауру барлығын осында тастап кетеміз. Осында келіп, бір құшағымызды ашып, бақытқа кенелеміз. Сол үшін бізді мына бақыттан айырмасын.

Қариялар мұнда кіру үшін әрқайсысы 300 теңге төлейді. Бұл мекемені жалдаған кәсіпкер Масанғалиеваның қойған бағасы. Алайда, бес жылдан астам уақыт бұрын Армия үйінің қожасына айналған “Қазақстан геоақпараттық жүйе орталығы” акционерлік қоғамы кәсіпкерге жаңа жылдан бастап келісімшарттың ұзартылмайтынын ескерткен. Енді сауық кешін ұйымдастырушылар қарттардың көңілін қалай аулайтынын білмей отыр.

Айша НҰРЕКЕНОВА, кәсіпкер:

- Бұл қайырымдылық қой, былайша айтқанда. Кешке біз жұмыс істейміз. Кешке ақша табамыз. Кешке бізде отыз жастан асқан кісілер үшін танысу кешін өткіземіз. Біздің естуімізше, бұл жерде түнгі клуб істегісі келеді.

Ай сайын акционерлік қоғамға 505 мың теңге төлеуі тиіс кәсіпкерлер Армия үйін сағатына он екі мың теңгеге жалдайды. Бесін уақытынан кешкі беске дейін қарттар үшін би, ал кешкі алтыдан түн жарымға дейін аптасына үш рет 30-дан асқан жандар үшін танысу кешін ұйымдастырады. “Геоақпараттық жүйелер орталығының" өкілдері дауға қатысты түсініктеме бермеді. Тек телефон арқылы, қарттарға еш қатысы жоқ екенін хабарлады.

Егер ғимаратқа иелік етіп отырған акционерлік қоғам келісім-шартты бұзса, онда қарттардың би үйірмесі біржолата жабылмақ. Кәсіпкерлер басқа жерден ғимарат іздей бастады. Бірақ ардагер «офицерлер Армия үйін жын-ойнаққа айналдыруға жол бермейміз»,- деп отыр.

Гауһар Омарбек, Жәнібек Бимағамбетов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир