07.07.2016

Астана күнін Түрксіб және Жетісу аудандарының халқы ерекше атап өтті

Алматының Түрксіб және Жетісу аудандарында да думанды шараның көркін өнер жұлдыздары мен дарынды жастар қыздырды. Тіпті, кезінде қоныс аударып, өзге елге көшіп кеткендер мемлекетіміздің мерейлі мерекесінде қазақ жеріне келіп, отандастарымыздың қуанышына ортақтасуда.

Түрксіб ауданындағы мерекелік кеште дәл осы күні кәмелеттік жасқа толған азаматтарға жеке куәліктер табысталды. Сонымен қатар, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан әр саланың қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды. Думанды шарадағы жүрекжарды тілектер, әсем әндер мен көңіл толқытар күйлер елдіктің іргетасы - Астанаға арналды.

«Жас Астанамыз әрқашанда осылай өне берсін. Жарқырай берсін. Келесі жылы көрме өткізіледі. Ол бүкіл әлемге біздің әдемі, әсем қаланы көрсету. Қазақстанның экономикасын әрі қарай жаңарту. Бізде қуаныштымыз. Сол себептен бүгін Түрксіб ауданының халқы, осылай қуанып тойлап жатырмыз», - деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.

Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мейрамына айналды.

Жетісу ауданының тұрғындары Астана күнін Айнабұлақ саябағында атап өтті. Мерекелік кешке жиылған жұрт елорданың мерекесін шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алды. Мұндағы кештің көркін күміс көмей әншілер, мың бұралған бишілер мен саусағынан өнер тамған күйшілер қыздырды.

«Астана күні әр қазақстандық үшін ерекше мереке деп айтқым келеді. Астана біздің әрқайсысымыздың жүрегімізде ерекше орын алады. Халықтың көңілі көтеріңкі. Бәрі жоғары деңгейде. Мерекеге үлкені де, кішкентайы да келуде», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанат МҰРЫНОВА.

Анна Лабадина Алматының тумасы. Осыдан 23 жыл бұрын Ресейге қоныс аударған. Атаулы күнге орай Алып шаһарға келіп, қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтауда. Ол осы уақыт аралығында еліміздің қазіргі өзгерісіне таңданысын жасыра алмады.

«Мен Қазақстаннан көшкен кезде, қайта келмеймін деп ойлағанмын. Қысқа уақытта Қазақстанның осылай құлпыруы көзді қуантады. Енді қайта қоныс аудармақ ойым бар», - деді Анна ЛАБАДИНА.

Алдағы уақытта зейнеткер Астанаға баруды жоспарлап отыр. Елорда туралы көп естіпті. Бірақ көзбен көрген мың есе артық.

Перизат Көмекбайқызы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир