14.07.2016

Қазақ кино өндірісі шығынды ақтамай отыр

Қазақ кино өндірісі шығынды ақтамай отыр. Соңғы төрт жылда отандық фильм прокатынан түскен қаржы 5 пайыздан аспапты. Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселені жаңа жоба арқылы шешпек. 2050 жылға дейінгі құжат кинорежиссерлар назарына ұсынылды.

2012 жылы «Шал» фильмін түсіруге 386 миллион теңге жұмсалған. Ал, одан түскен пайда 73 миллион теңгені құрапты. Сол жылы тұсауы кесілген «Жау жүрек мың бала» картинасына мемлекет бюджетінен 2 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Ал, прокаттан түскен қаржы 122 миллион теңге ғана. Бүгінде жас режиссерлардың өз қаржысына түсірген фильмдері табысы жоғары кино атануда. Мәселен, Нұртас Адамбаев «Сәбина келін» фильмін түсіру үшін 300 мың доллар жұмсапты. Алғашқы бес күнде-ақ бұл туынды 615 мың доллар табыс әкелген. Алматыда қазақ киноөндісірін дамытуға арналған жиын өтті. Оған отандық режиссерлар, белгілі өнер қайраткерлері қатысты. Басқосуда сөз алған Нұртас Адамбаев киноөндірісті дамыту үшін қазақ аудиториясын жан-жақты зерттеу керектігін тілге тиек етті.

Қазір кинотеатрларда алысы Америкадан, берісі Ресейден келген фильмдер көрсетіледі. Қазақстандық киноға иық тіресіп келетін көрермен жоқ. Бүгінде ұлттық киноны іздеп келетін көрермендер үлесі 9,7 пайызды құрайды. 2008 жылдан бастап отандық кино көрермендері 3 есеге артыпты, 361 мыңнан 1 миллионға дейін. Бұл көрсеткіш еліміздегі кинокөрерменнің жеті пайызы.

«98 пайызға жуық кинотеатрлар ол жекеменшікте және біздің қарап отырған концепция мен заңнамаларымыз осы күрделі сұрақты шешу үшін және заңның жұмыс істеуінен бастап осы біздің киноларымыз біздің аудиторияға, көрермендерге жететіндей етіп, механизмін жасау», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департаментінің директоры Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.

Отандық режиссерлар кино туралы заңнан үміті зор. Қазақ кинематографиясын 2050 жылға дейін дамытуды көздеген тұжырымдаманың қабылдануы кино өндірісіне тың серпін береді дейді. Жаңа құжатта елімізде түсірілетін фильмнің санын, кинотеатр желілер қатарын арттыру мәселелері қарастырылған.

«Кино туралы заң қабылданатын болса, ол мемлекеттік тұрғыдан қабылданған заң болғаннан кейін, кино туралы заңның аясында қаржыландыру басталады. Қаржыландыру болғандықтан, көркем суретті кино, деректі кино, балалар киносы, мультипликация, басқа кинолар өседі. Сондықтан бізге ең керегі заң», деді режиссер Талғат ТЕМЕНОВ.

«Қазақфильм» киностудиясы 1960 жылдары жыл сайын 3 фильм түсірген. Қазір кемінде 15 туынды дайындайды екен. Биыл мемлекет бюджет есебінен ұлттық кино түсіруге 2,5 миллиард теңге қарастырылыпты.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир