21.11.2013

Діни кітаптар саудасы тоқтамай тұр

Алматы мешіттері маңында діни кітаптар саудасы тоқтамай тұр. Орталық мешіттің өзінде мұндай оқулықтарды заңсыз сатқан 20-ға жуық орын анықталды. Бұл құқық қорғау органдарының кітап сататын дүкендерге жүргізген тексеру кезінде белгілі болды. Тақырыпты тілші тарқатады.

Дін - сынаптай сырғанақ, қанжардай өткір тақырып. Дұрыс мәлімет берілмесе, күллі халық адасуы мүмкін. Қазіргі таңда діни-экстремистік кітаптар саудасын бақылау қиынға соғып отыр. Мәселен, бүгінде мұндай мазмұндағы 4 мың әдебиет сараптамадан өткен. Теріс деп танылған экстремистік бағыттағы 200 кітап әлі де еркін айналымда жүр. Күмән тудырған тағы 150 оқулық тексеріліп жатыр.

Нұрмұхаммед МЕЙМАНҚОЖА, Дін істері агенттігінің маманы:

- Бүгінгі кешенді тексеруіміз рұқсат берілмеген жерлерде сатылуға тыйым салынған кітаптарды тәркілеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Өйткені, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 195-ші бабына сәйкес, белгіленбеген орындарда сауда жасауға болмайды. Бұл жердегі факт белгіленбеген жерлерде сатып жатыр. Дін туралы заңға сәйкес тек белгіленген жерде сату керек.

Мұндай кешенді тексеру жұмыстарын құзырлы орган мамандары айына бір рет өткізіп тұруды дағдыға айналдырған. Айтуларынша, кітаптардың сыртқы мұқабасы мен түпнұсқасы бір болғанмын, ішкі мазмұны жат идеяға тұнып тұр. Мәселен, Орталық мешіттің жанында 20-дан аса саудагер дәстүрлі емес дінді насихаттап жүр.

Қоғамда теріс ағымдағы кітаптарды сатушыларға ескерту жасалады. Ал құлақ аспағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл салынады.

Нұрмұхаммед МЕЙМАНҚОЖА, Дін істері агенттігінің маманы:

- ҚР Әкімшілік кодексінің 165-ші бабына сәйкес мұндай орындарда заңсыз сауда жасағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл салынады.

Өткен жылы Алматы қаласының әкімдігі «діни кітаптарды сатуды реттеу туралы» қаулы қабылдаған болатын. Соған сәйкес, діни мазмұндағы еңбекті тек 27 нысанда сатуға рұқсат етілген.

Айжан Шамшидин, Жәнібек Бимағамбетов, «Алматы» телеарнасы
Прямой эфир