13.07.2016

Израиль дәрігерлері алматылық әріптестеріне шеберлік дәрісін өткізді

Израильден арнайы шақыртылған дәрігерлер үш күннен бері алматылық әріптестеріне шеберлік дәрісін өткізуде. Білікті мамандар науқасқа алғашқы көмек көрсетудің қыр-сырын үйретті. Оқу барысында қалалық ақ халаттылар дәрістер тыңдап, алған білімдерін іс-тәжірибеде бекітуге мүмкіндік алды.

Жедел жәрдем қызметіне жол апатына түскен науқас туралы хабар келіп түсті. Дәрігерлер шұғыл көмекті көлікте көрсете бастады. Ауыр халде жеткізілген азаматтың жүрегі тоқтап, ақ халаттылар оның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

Осылайша алматылық дәрігерлер өз біліктілігін манекен мен муляжда көрсетті. Шеберлік дәрісінің алғашқы күнінде мамандар өкпе-жүрек реанимациясы, тыныс алу жолдарының қиындауы кезіндегі алғашқы көмекті көрсетсе, екінші күні балаларға шұғыл жәрдем беру әдістерін таныстырды. Жедел қызмет саласында кадрлар тұрақтамайды, сондықтан біліктілік деңгейі де ұдайы тең емес, дейді орталық басшысы.

«Жыл сайын 5-7 пайызға кему бар. Зейнетке кетеді. Шетелге кетеді. Мысалы, әр түрлі жағдай болады. Жас мамандар келеді. Декретке кетеді. Осы қаладан басқа қалаға көшіп келеді. Сондықтан да медицина саласы өте қиын. Күнделікті инновациялық технологиялар жаңарып отырады. Жаңа аурулар шығып жатыр. Сондықтан білімді жоғарылатып отыру керек», - деді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы оқу-әдістемелік орталығының директоры Әйгерім ОСПАНОВА.

Ержан Әбілхановтың жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп жүргеніне 5 жылдан асқан. Бүгінде Израильден келген дәрігерлерден біраз тәжірибе жинақтадым, дейді.

Шетелдік мамандар біздің ақ халаттылардың әлі де үйренері көп дейді. Себебі, қазір технология күн санап жаңаруда. Сондықтан олар білімдерін ұдайы шыңдап отырғаны абзал, дейді.

«Дәрігерлер алғашқы көмекті шұғыл көрсетуге дағдылану керек. Мұндай оқу әдістемелік орталықтары мамандар үшін таптырмас орын. Олар бұл жерде өз мүмкіндіктерін барынша көрсетіп, тәжірибесін шыңдай алады», - деді Израиль ұлттық алғашқы медициналық қызмет көрсету мектебінің дәрігері Шафир БОТНЕР.

Алматыда оқу-әдістемелік орталығы осыдан 1 ай бұрын ашылған. 2016 жылдың аяғына дейін мамандар 15 елдің дәрігерлерін шақыртып, шеберлік сабағын өткізбек.

Алматыдағы дәрігерлердің барлығы шеберлік сабағын осы оқу-әдістемелік орталығында өткізетін болады. Жыл аяғына дейін медициналық мекеме 3000-нан аса маманды оқытпақ ниетте.

Перизат Көмекбайқызы, Ғибрат Бақаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир