17.06.2016

Медеу ауданының тұрғындары жағымсыз иіске тұншығып отыр

Біздің арнамыздың WhatsApp нөміріне Медеу ауданынан хабарласқан тұрғындар қолаңса иістің арасында тұруға мәжбүр болдық деп көмек сұрады. Казачка және Теміртау көшелерінің ортасында ағатын өзенге сол маңдағы кәсіпкер сойылған қойдың бас, сирағын жуады екен. Соның кесірінен маңайды күлімсі иіс қаптаған. Ал, 20 жылдан бері осылай күн көрген тұрғындардың мәселесін аудан әкімдігі енді қолға алмақ.

Мүңкіген иіс қолқаны тесіп барады. Тіпті, бұл аумақта өмір сүрмек түгілі бірнеше минутта тұру қиын. Жарбұлақ өзені ағып жатыр дегеніңіз болмаса, судың сапасы жоғалғалы қашан. Теміртау көшесінде тұратын кәсіпкер күн сайын осы өзенге әкеп, малдың үйітілген бас сирағын жуып, жынын ағызып отырады. Қоқыстың ордасына айналған өзен жиегіне шыбын-шіркей үймелеп, қолаңса иістен қарсы беттегі тұрғындардың тұруы қиындаған. Ал, қаптаған кеміргіштер балалардың зәре-құтын қашырып бітті.

Тұрғындар жағдайды аудан әкімшілігіне, тазалыққа жауапты орындарға талай мәрте айтқанмен, мәселе басыбайлы шешім таппаған. Керек десеңіз, министрлік те бар. Бір жапырақ қағаздан басқа жүзеге асқан іс жоқ. Кәсіпкерге бірнеше рет айыппұл салынса да, ол әдетке айналған ісінен арыла алмапты. Тазалық аты мүлдем жоқ орында бас-сирақты үйітіп, жуып-шайып көк базардағы нүктесіне апарып халыққа саудалайды екен. Ал, жағдайдың мән жайысын білуге барғанымызда алдымыздан оның әйелі шықты. Күйеуінің ісін жоққа шығарғанмен, сөз арасында шындықты айтып қалды.

- Енді жұмыс болғаннан кейін сондай болып жатыр ғой.

- Сонда сіздер өздеріңізді ғана ойлайсыз, басқа халықты ойламайсыз ба?

- Ойлағанда бәрі тастайды ғой, жалғыз біз емес бәрі тастайды.

20 жылдан бері жалғасып келе жатқан бассыздық шешілмеген соң, тұрғындар біздің арнадан көмек сұрады. Нәтижесінде, Медеу ауданы әкімшілігінен дереу арнайы комиссия құрылып, олар аумақты өз көздерімен көрді. Кәсіпкерге тағы да 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, маңайды қоқыстан арылту тапсырылды. Енді кезекті рет үйреншікті әдетін тыймаса, әкімдік тарапынан жаза қатаң болмақ.

«Ол кісі уәде беріп отыр, өзінің қателігін мойындады, екінші ара қайталамаймын деп уәде етті. Білместік жасадым дейді, енді алдағы уақытта өзінің базарға шығатынын айтты. Бұл жерді тазалап, өзі бізге хабарын береді. Біз оларға 1 апта уақыт бердік, 1 аптадан кейін келіп өзіміз тексереміз. Егер бұндай жағдай қайталанса, онда басқа шара қолданылады», - деді Алматы қаласы Медеу аудандық қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Мақсат ЕСКЕНДІРОВ.

Сондай-ақ тұрғындар өзен жиегінде құлауға шақ тұрған мына қойманы сүріп, өзен арнасын нығайтып беруін сұрады. Қарашаның мұң-мұқтажын мұқият тыңдаған шенділер бұл мәселені де күн тәртібіне қойып, шара қолдануға уәде етті.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир