24.06.2016

ЖОО бітірген сарбаздар полиция қатарына қабылданды

23 маусым - ел амандығының аманатын арқалап жүрген полицейлердің төл мерекесі. 70 мыңға жуық қызметкері бар ең ірі құрылымдық күшті министр Қалмұхамбет Қасымов құттықтады. Еңбегі сіңіп, еленгендерге төсбелгі тақты. Ақтөбе оқиғасында ерлікпен қазақ тапқандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды дүйім жұрт. Оқуын жаңа бітірген сарбаздар да полиция қатарына қабылданды. Лейтенант пагоны тағылды оларға. 

Полиция қызметкері болу оңай емес. Білім де, білек те қажет. Мұны 40 жылдан бері ішкі істер органдарының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Мейірхан Жаманбаев жақсы біледі. Бүгінде ардагер тыныштықтың сақшысы, адамдардың қорғаны болғандығын мақтан тұтады. 7 өңірдің Ішкі істер департаментін басқарған генерал талай қылмыстың бетін ашқан, талай бұзақылықтың жолын кескен.

"Қанша айлық аласыздар деп, басқа деп, сұрап жатырсыздар? Мәселен, полицияға келген қызметкерлер айлық үшін келмейді. Ішінде басқа пиғылмен келіп жатқан да адамдар болады. онсыз болмайды ғой. «Төрт аяқты жылқы сүрінеді» деген мақал бар, оның жанында біз екі аяқты адамбыз ғой. Енді біз кезінде 74-жылдары 70 сом айлық алдық. 74 соммен қызмет жасадық",- деді полиция генерал-майоры Мейірхан ЖАМАНБАЕВ.

Қылмыстың кемуіне өз үлестерін қосуда, жан тәсілім еткен қызметкерлер ескерткішіне гүл қойылды. Бейбіт күннің батырлары 700-ден асып жығылады. Бойына борыш пен намысты сіңдіруге тырысқан тәртіп сақшыларын бас полицей Қалмұхамбет Қасымов құттықтады. Орталық аппарат пен аумақтық бөліністің 535 қызметкері марапатталды. Халық игілігі үшін тәуліктің кез келген уақытысында тік тұратын сарбаздарымыздың еңбегі еленіп, ескерілді.

"Бүгінгі мейрамдарыңызбен құттықтаймын. Сіздер талай рет Тәуелсіз Қазақстан тарихында, халықты аман сақтап қалуда еңбектендіңіздер. Өткенде ғана есімізден әлі кетпеген Ақтөбе оқиғасы - соның бір мысалы. Қашан да халыққа адал еңбек ете беріңіздер",- деді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұхамбет ҚАСЫМОВ.

Бұл азаматтар жыл мезгіліне де, тәулік уақытысына қарамайды. Мақсаттары - жылдам, тез арада қылмыспен күресу. Ең ірі құрылымдық күштің бүгінде 70 мыңға жуық сарбазы бар. Ардагерлердің естеліктерін полиция қатарына енді қабылданған түлектер де тыңдады. Оларға алғашқы лейтенант пагондары тағылды. Қасық қаны қалғанша ел үшін қызмет етуге ант берді жастар.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, "Алматы" телеарнасы Астанадан

Прямой эфир