08.06.2016

Теректі тұрғындарын трансформатор жағдайы алаңдатады

"Алматы" телеарнасының Жаңалықтар қызметі редакциясының WhatsApp нөміріне хабарласып жатқан тұрғын көп. Мәселен, Теректі ықшам ауданының тұрғындары электр қуатының көзі болып отырған трансформатор кез келген уақытта күйіп кетуі мүмкін дейді. Себебі 2 мың тұрғын үйге шақталған трансформаторға одан да көп үйлердің тоғы қосылған.

Алатау ауданына қарасты Теректі ықшам ауданының тұрғындары үй маңында орналасқан трансформатордың жағдайына алаңдаулы. Себебі күн райы бұзыла қалса, жарықсыз ғана емес, сусыз да қаламыз деп отыр. Оған қоса, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер жалғыз трансформатордан электр желілерін тартып алыпты. Бірақ олардың заңды не заңсыз екені бұл тұрғындарға беймәлім.

Ал, жолдың арғы бетіндегі жаңа көршілер бұл жағдайды қалыпты санап отыр. Тіпті, қарсы беттегі көршілердің неліктен шыр-пыр болып жатқанын білуге де құлықсыз.

Тұрғындардың сөзінше, жалғыз трансформатор мұндай кернеуді енді көтере алмайды. Себебі бұл ауылда қала аумағына кірмеген уақытта мыңға жуық адам тұрса, қазір саны күрт артып жатыр. Аудан әкімдігіне тағы бір қуат көзін орнатып беруді қанша сұраса да, баяғы жартас бір жартас. Алатау ауданы әкімдігі қызметкерлерін Теректі ықшам ауданына шақырып едік, уақыттары жоқ екен. Сөйтіп, жағдайдың жай-жапсарын білуге өзіміз бардық.

"Алатау ауданына қосылғаннан кейін аудан әкімшілігі бар, "Алатау Жарық Компаниясымен" бірге тексеріп, қай жерде ұжымдық қосылу бар, қай жерде ескі желілер бар. Солар бойынша акт толтырылып, Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына тапсырыс берілген. Қазіргі таңда аталған басқарма тарапынан жоба сметалық құжаттамаларын жүргізуге қаражат қарастырылуда",- деді Алматы қаласы Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ертіс БЕСІРОВ.

Бұл Теректіде шешілмей жатқан мәселенің біреуі ғана.Тұрғындар көше бойындағы қураған теректерді де тілге тиек етті. Ауылдың атын танытатын бұл ағаштардың кеуіп кеткеніне біраз болған. Қатты жел тұрса, қапыда құлай ма деп қауіптенеді. Айта кетейік, Теректі ауылы Алматы қаласының аумағына 2 жыл бұрын қосылған болатын.

Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, "Алматы" телеарнасы
Прямой эфир