12.07.2016

Әуезов ауданының тұрғындары балалар алаңының орнына дүкен салынуына қарсы

Арнамыздың тәулік бойы хабарлама қабылдайтын мессенджеріне тұрғындардан тынымсыз хабар түсіп жатыр. Бұл жолы Әуезов ауданының тұрғындары базынасын білдірді. Олар балалар алаңының орнына дүкен құрылысының түсуіне қарсы.

Осы бір әдемі көрініс жуық арады көзден бұл-бұл ұшуы мүмкін. Балалардың доп теуіп, асыр сала ойнаған алаңын көп көрген билік жерді жекеге берген. Кешкісін шағын орман, ағаш арасындағы орындықтарда шахмат ойнап, таза ауада тынығатын тұрғындардан да тыныштық кетпек. Көптің қарсылығына қарамай құрылыс жүргізбек болған кәсіпкер жердің астан кестеңін шығармақшы.

«Бұл жерде жаяу жүретін жол тар, қалай кіреміз. Таңертең жұмысқа шыққан жұрт сүрлеуге сыймайды. Кіріп-шығар жол жалғыз. Әрі мына ағаштарды кесіп тастамақ. Жерді қазып, құрылыс жүргізбек. Шаң-тозаң көтеріледі. Сонда біз қалай тыныш өмір сүреміз?», - деді Валентина ЕРМАКОВА.

Дүкен салмақ болған жаңа қожайын балалар алаңын небәрі бір миллион алты жүз мың теңгеге сатып алған. Тұрғындар ауланы құрылыс жүргізбек болған кәсіпкер сымақтан үш жылдан бері қорғап келеді. Түрлі деңгейдегі билік пен заң орындарына арызданған. Бірақ әлі нәтиже жоқ.

«Бұл жердегі жер учаскесі мемлекеттік актіде 80 шаршы метр деп көрсетілген. Салынатын дүкен бір қабатты болады. Құрылыстың жобалау құжаттарының бәрі бар», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Архат ОМАРОВ.

Тұрғындар «ауламызға түсетін сауда орына мұқтаж емеспіз. Онсызда осы аумақта бес дүкен бар» дейді. Тіптен сауданың аздығынан байырғы дүкендер кейбірі жабылып жатса керек.

«Мына жерде бір қабатты дүкен бар еді. Ол жабылып қалды. Өйткені бұл жерде халық аз. Осы жердегі бес дүкен де бізге жеткілікті. Бізге дүкен керек емес», - деді Галина СКУПКО.

Құрылыс жүргізбек болғандардың өздері бой көрсетпегімен, олардың қорғаушысы болып аудан әкімінің орынбасары келіп кетті. Ал, жергілікті әкімдіктен қайыр болмаса, наразы тарап қол жинамақ ниетті.

Үмбетәлі Меймеш, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир