Бүгін – Республика күні

Almaty.tv
Almaty.tv

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеген жетістіктерге қол жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

25 қазан Қазақстан халқы үшін ұлтық мереке – Республика күні тойланады. Бұл күн Қазақстанның мемлекеттігі мен тәуелсіздігін нығайту жолындағы маңызды тарихи оқиғалардың бірі ретінде бекітілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» қабылдады. Бұл тарихи құжат Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздігін жариялап, егемен мемлекет ретінде қалыптасуының алғашқы құқықтық негізін қалады. Декларацияда еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы дербестігі, заңнамалық, экономикалық және мәдени тәуелсіздігі айқын көрсетілді.

Республика күні – тек өткенге тағзым ету ғана емес, сонымен бірге тәуелсіз Қазақстанның болашағына сеніммен қарауға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және ел бірлігін нығайтуға арналған мереке. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде мерекелік шаралар, патриоттық концерттер және жастардың қатысуымен түрлі мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады.

Аталған мереке – Қазақстанның халықаралық аренада мойындалғанын, тәуелсіздік жолындағы тарихи қадамдарды еске түсіретін және бүгінгі жетістіктерімізді мақтан етуге мүмкіндік беретін маңызды күн.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз экономика, саясат, мәдениет және халықаралық қатынастар салаларында зор жетістіктерге жетті. Мемлекет басшылары мен халқымыздың бірлігінің арқасында Қазақстан бүгінде көпұлтты, тұрақты және әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындаған беделді мемлекетке айналды.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Новости партнеров