1999 жыл
«Алматы ОА - Алматы ЮС» Алматы қалалық телерадиокомпаниясы» МКК Алматы қаласы әкімінің 1999 жылғы 11 наурыздағы №224 шешімімен құрылды. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік 1999 жылғы 14 сәуірде Алматы қалалық Әділет басқармасынан №25904-1910-ГП нөмірімен берілді.
Телеарна бұқаралық ақпарат құралы ретінде алғаш рет 1999 жылғы 30 сәуірде №654-ТРК нөмірімен тіркелді.
Телеарнаның алғашқы директоры 2005 жылға дейін Дворкин Исаак Яковлевич болды.
2000 жыл
Алғашқы бағдарламалар 2000 жылғы 6 шілдеде эфирге жол тартты.
2000-2001 жылдар
Алматы қаласы әкімінің 2000 жылғы 6 қарашадағы шешіміне және Алматы қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі аумақтық комитетінің 2001 жылғы 8 тамыздағы қаулысына сәйкес, «Алматы ОА-Алматы ЮС» телерадиокомпаниясы» МКК қайта құрылып, «Южная столица» телерадиокомпаниясы» ЖАҚ болды.
2004-2005 жылдар
Алматы қаласының коммуналдық меншікті басқару департаментінің 2004 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы №415-II «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңына сәйкестендіру мақсатында қайта тіркеу жүргізіліп, «Южная столица» телерадиокомпаниясы» АҚ болып өзгертілді.
2005 жылы телеарна директоры болып Мұстафин Санжар Анатольевич тағайындалды.
2008-2009 жылдар
Бұл жылдары телеарнаны Ағыбаев Жанахмет Жәнібекұлы басқарды.
2009-2013 жылдар
2009 жылы телеарна басшысы болып Грюнберг Евгений Валерьевич тағайындалды.
2013-2015 жылдар
Осы кезеңде телеарнаны Алматы әкімінің кеңесшісі қызметін қоса атқарған Куянов Сергей Леонидович басқарды.
2015-2019 жылдар
2015 жылғы қарашадан 2019 жылғы наурызға дейін телеарнаны Әлденей Әлібек Үсенұлы басқарды.
2017 жылы телеарнада ребрендинг жүргізілді. Заманға сай құрылғылармен жабдықталған жаңа студия павильоны салынды және пайдалануға берілді (өндірістік жүйе жоғары айқындықтағы цифрлық форматқа – HD сапасына көшірілді).
2018 жылы телеарна Ақордада «Қазақстан журналистикасы мен ұлттық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін» грамотасымен марапатталды.
2019 жылғы 6 наурыз бен 5 шілде аралығында арнаны Кальянбеков Болат Серікұлы басқарды.
2019-2022 жылдар
2019 жылғы 22 шілдеден 2022 жылғы 28 наурызға дейін телеарнаны Мұхамеджанова Нұржан Жалауқызы басқарды.
2019 жылғы 23 қарашада «Алматы» телеарнасының 20 жылдығы «Медеу» мұз айдынында аталып өтті. Сол жылы ұлттық «Тұмар» телевизиялық сыйлығының қорытындысы бойынша телеарна «Үздік өңірлік арна» номинациясында жеңімпаз атанды.
COVID-19 пандемиясы кезінде қала мектептері қашықтан оқытуға көшкенде, «Алматы» телеарнасы 9 және 11-сынып оқушыларына арналған сабақтарды эфирден көрсетті.
2022-2026 жылдар
2022 жылғы 28 наурызда «Almaty» телерадиокомпаниясы» АҚ бас директоры болып Базарбаев Тимур Талғатұлы тағайындалды.
Төрт жылда «Almaty TV» республикалық мәртебе алып, ребрендингтен өтті, басты студиялық павильон жаңартылды, жаңа сайт іске қосылды, заманауи техника сатып алынып, телеарнаның өндірістік-техникалық базасы жүйелі түрде жаңғыртылды. Барлық жұмыстың бизнес-процесі алғаш рет сипатталып, оңтайландырылды, сондай-ақ қызметкерлерді материалдық және материалдық емес ынталандыру шаралары түбегейлі жақсартылды. Бағдарламалық саясаттағы маңызды өзгеріс – мемлекеттік тілдегі меншікті жобалар өндірісінің үлесі 88%-ға дейін артты.
Нәтижесінде, «Almaty TV» рейтингі екі есеге өсіп, аудитория қамтылымы 5,3 млн бірегей көрерменге жетті. Сайтқа кірушілер саны да 5 есеге өсіп, жылына 9-дан 47 млн пайдаланушыға дейін артты. Телеарна сонымен қатар YouTube-тің бір «алтын» және екі «күміс» батырмасын иеленді. Коммерциялық табыс екі еседен астам, ал медиаселлер желісі бойынша үш есеге өсті.
Телеарна ұжымы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысына ие болды.
«Бүгінде «Almaty» телеарнасы өз аудиториясы қалыптасқан республикалық медиақұрылымға айналды. Ұжым өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел мүддесі үшін қызмет етіп, телевизия саласын заман талабына сай дамытуға үлес қоса бересіздер деп сенемін. Ұжымға толағай табыс және шығармашылық шабыт тілеймін»,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Осы жылдар ішінде телеарна бірнеше мәрте «Тұмар» ұлттық телекөрсетілім бәйгесінің лауреаты атанды, сондай-ақ көптеген қызметкер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.