Тәуелсіздік шежіресі: 1996 жыл – егемен елдің алғашқы бесжылдығы

16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды

Тәуелсіздік шежіресі: 1996 жыл – егемен елдің алғашқы бесжылдығы коллаж Almaty.tv.

1996 жыл – Тәуелсіздіктің бесінші жылы. Қазақстан қаншама ауырлықтарды басынан өткергеніне қарамастан, бірлік пен татулықтың ордасына айналды. Ендеше бес жылдың белесіндегі ең басты жетістік те Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында‑ақ сапалы қаланған осы ұстаным әлі күнге дейін еліміздің жетістігіне ғана емес, халықаралық қауымдастық қызыға қарайтын үлгілі жолға айналды. 1996 жылғы статистикалық мәліметтерге көз жүгірте отырып, бұл жылы да еліміздегі ішкі жағдайдың, әсіресе әлеуметтік қамтудың онша жақсара қоймағанын байқаймыз. Жалақы айлар бойы берілмеді, күнкөрістің төмендеп, Кеңес одағында сұмдық болып көрінетін жұмыссыздық мәселесі шынымен жағадан алды. Өтпелі кезең халықты қажыта түсті. Әйтсе де бұқара келешектен күдерін үзбеді. Экономиканың тығырықтан шығып, қолға алынған реформалардың нәтижесіне үміттене қарай бастады. 

Республикада жалпы білім беретін 8368 мектеп жұмыс істесе, оның 3328-і қазақ тілінде, 2484-і орыс тілінде сабақ жүргізді. 92 мектепте сабақ неміс, ұйғыр, корей және басқа тілдерде өткізілді. Осы жылы елімізде 66 жоғары оқу орны жұмыс істесе, мұндағы студенттердің тек 20 пайызы ғана қазақ тілінде оқытылды. Сонымен қатар, республикада басылатын 1227 газет-журналдың 275-і қазақ тілінде, 497-сі орыс тілінде, 412-сі екі тілде жарық көрген. 

Ал 200-ден астам телерадио ұйымдарының тек бесеуінде ғана қазақ тілінде хабарлар дайындалыпты. Дәл осы 1996 жыл туралы жазушы-публицист, мемлекет қайраткері марқұм Камал Смайылов ағамыз «Тәуелсіздік толғауы» атты баспасөзде жарияланған естелігінде былай деп жазады: «1996 жылы Тәуелсіздігіміздің бес жылдығын алғаш рет салтанатпен атап өткенбіз. Жүріп өткен жолымызды қорытындылап, қуаныштар мен қиындықтарды сараптап, тағы да бір шолу, талдау жасап шыққанбыз. Сонда тәуелсіздіктің бес жылдығына арналып Алматыда өткен салтанатты жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының, оның басшылары мен батырларының ғасырлар бойы армандаған мақсатын айта келіп, былай деді: «ХVІІ ғасырда қазақ сахарасында жасындай жарқылдаған Абылай армандап өткен, мұңды шерге толы ХІХ ғасырда Кенесары қарумен күрескен, жаппай қырып-жоюға қарсы бас көтерген Бөкейхан межелеп кеткен асыл мұраттар өлген жоқ, соның бәрі 1991 жылы 16 желтоқсанда жүзеге асты. 

1996 жыл: 

‑19 ақпан ‑ ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің алқасы құрылды. ҚР СІМ Алқасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы кеңестік орган болып табылады;

‑ 26 сәуір ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, Ресей және Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери салаларда сенімділікті нығайту туралы келісімге (Шанхайлық келісім) қол қойды. Қазақ­стан үшін бұл құжаттың маңызы аса жоғары болатын. Осы жылдан бастап өзара сенім және ынтымақтастық принципінде Қазақстанның Қытаймен өзара қарым-қатынастарының жаңа кезеңі басталды;

‑ 25 мамыр ‑ Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қойды; 

‑ 23 тамыз ‑ Алматыда Орталық Азия Одағына қатысушы мемлекеттер басшыларының кездесуі болды. Кездесу барысында 1996-1998 жылдарға арналған Біртұтас экономикалық кеңістік құру бойынша іс-шара бағдарламасы бекітілді, қатысушы мемлекеттер шекаралық аумақтарында арнайы экономикалық аймақ құру туралы шешім қабылдады; 

‑ 10 қыркүйек ‑ ҚР Үкіметі қаулысымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жоғарғы дипломатиялық мектебі (Диломатиялық Академия) құрылды; 

‑ 30 қыркүйек ‑ Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қосылды;

‑ 16 желтоқсанда ‑ Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Монумент авторлары: сәулетшісі Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі, мүсіншілер: Н.Далбай, Ә.Жұмабав, сәулетшілер Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев т.б).

Дереккөз:inform.kz

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир