Конституция күні, Тәуелсіздік монументі: 1996 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

1996 жыл – Тәуелсіздіктің бесінші жылы. Қазақстан қаншама ауырлықтарды басынан өткергеніне қарамастан, бірлік пен татулықтың ордасына айналды. Әлем мемлекеттері Қазақстанды таныды. Халықаралық ықпалдастық артып, дипломатиялық қатынастар орнықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

1996 жылы Қазақстан тарихы мен мәдениетіне байланысты бірқатар мерейтой мен естелік даталар тойланды. Оларды елеп, атап өтудің өзі ұлттық сананың өсуіне, халықтың біртұтастығының артуына септігін тигізді.  

Сол кезде Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шараның көбі Алматыды ұйымдастырылды. Достық даңғылының бойында ақынға орнатылған ескерткіш жастардың бас қосатын сүйікті орнына айналды. 1996 жылдың күзінде Құрманғазы күндеріне орай ойластырған мерекелік шаралар елде және шет мемлекеттерде зор қызығушылық тудырды. Басты мерекелік шара күйшінің туған жерінде Ресей Федерациясы Астрахан облысы Алтынжан аулында өтті. Төкпе күйдің шебері Құрманғазыға арналған мұражай салтанатты түрде ашылды. Ғимарат құрылысын қазақстандық тарап салды.

«Бүгін Ресейдің кең даласында тұрып жатқан 1,5 млн-нан астам ағайынымыз бар. Атамекен бәрібір біреу-ақ. Еліміз бір, жеріміз бір. Қазақстанда қазақтардан басқа ел жоқ. Одан артық жер жоқ. Сондықтан отанымызға жақсылық, аманшылық, зор болашақ тілейік. Бүгінгі той – бабамызды еске алу тойы. Қиын-қыстау заманда, Тәуелсіздік туымызды көтеріп жатқан кезде, болашаққа сеніммен бүкіл ұрпақ жұмыс істеп жатқан кезде, бізді барлығымызды ұлы бабамыз Құрманғызының әруағы желеп-жебеп жүрсін», – деп сөз сөйлеген еді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

1996 жылы халықаралық аренада да Қазақстанға қатысты шаралар бірінен соң бірі тізіліп өтіп жатты. Осы жылы еліміздің араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының іргесі қаланды. Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар 1996 жылы Қазақстанның күнтізбесінде жаңа мемлекеттік мейрам пайда болды. Осылайша, 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституция күні деп бекітілді.

«Бүгін, міне, төл Конституциямыздың дүниеге келуінің алғашқы жылын, оны бүкілхалықтық қабыл алу салтанатын сіздермен атап өтіпотырмыз. Конституция негізгі заң, заң құжаты ғана емес. Оның мазмұны көп ретте көкейіміздегі ұғымнан әлдеқайда ауқымды. Сол себепті Конституцияны талқылауға белсене қатынасып, басым дауыспен қабылдаған қазақстандықтарға ризамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің алғашқы Жолдауы 1996 жылдың қазан айында айтылып, «Елдің жағдайы және 1997 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы» дәстүрлі атауға ие болды. Алайда Президенттің 1997 жылғы қазанда айтылған «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы» атты екінші Жолдауы тарихи мәнге ие болды.

«Біздің халқымыздың нары да, бары да – Тәуелсіздік деп айтар едім. Тәуелсіздікке қолы жетпей жүрген әлемде қаншама халықтар бар, қаншама ұлт бар. Біздің ата-бабамыздың арманы болған Тәуелсіздік тұсында еліміз өркендеп, қарыштап дамыды», – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Қазақстан енді-енді еңсесін тіктеп, аяғына тұрып келе жатқан тұста Тәуелсіздігімізді дәріптеп, абыройын асқақтатып тұратын ерекше ескерткіш керек болды. Дәл осы кезде Тәуелсіздіктің 5 жылдығын тойлауға орай, Алматыда атақты сәулетші Шота Уалихановтың жетекшілігімен бір топ мүсінші жасап шығарған Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанаты өтіп, бой көтерген болатын. Монументтің жалпы биіктігі 180 метрді құрайды. Ал оның орта тұсындағы көне тарихи жазбалары бар тақтаның ұзындығы – 28 метр. Мәдени ескерткіштің ең биігінде ұзындығы 6 метрді құрайтын «Алтын адам» орналасқан. Жалпы, бұл өнер тундысының әр бөлігінің астарлы тарихи мәні бар. Айта кетейік, 2001 жылы «Тәуелсіздік монументі» Үкімет шешімімен республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді.

Қасымхан Талғатұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров