Әділдік алаңы: МИБ жұмысы туралы не білу маңызды

Almaty.tv
Almaty.tv

Көппәтерлі үйді басқару — тек МИБ төрағасының емес, пәтер иелерінің де жауапкершілігі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV телеарнасы мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) жұмысына, тұрғындар қаражатының жұмсалуына және олардың құқықтарын қорғауға арналған «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады. Бағдарламада ортақ мүлікті ұстауға кім жауапты екені, шығыстарды қалай бақылау керектігі және құқық бұзылған жағдайдың өзінде қайда жүгіну қажеттігі туралы айтылады.

МИБ форматы Қазақстанда 2020 жылы енгізілді. Ол бұрынғы пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) орнын басып, «бір үй — бір бірлестік — бір шот» қағидатын қарастырады. Тұрғындар ай сайын ортақ мүлікті күтіп-ұстауға ақы төлейді, ал жиналған қаражат тазалыққа, инженерлік желілер мен лифтілерге қызмет көрсетуге, шатырды, төлеені, ауланы күтіп-ұстауға және басқа да ортақ қажеттіліктерге бағытталады.

Жаңа жүйенің басты міндеті — пәтер иелеріне өз үйін басқаруға тікелей қатысуға мүмкіндік беру. Тұрғындар ұсыныстар енгізе алады, жалпы жилыстарда шешімдер қабылдап, олардың орындалуын бақылай алады. Өз кезегінде МИБ төрағасы қабылданған шешімдерді іске асыруға және пәтер иелері алдында есеп беруге міндетті.

Алматыдағы МИБ-ның бірінің төрағасы Алексей Ким бірлестік құрылғаннан кейін тұрғындар өз ауласы мен үйінің жағдайын өзгерте алғанын айтады.

«Үйіміздің ауласы мүшкіл халде еді. МИБ құрылғаннан кейінгі соңғы төрт жарым жылда тұрғындармен бірге ауқымды жұмыс атқардық. Азаматтар алдында есеп береміз, барлық шешімді бірлесе қабылдаймыз. Бұдан бөлек, "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында қала әкімдігі түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Осы сұрақтардың барлығын тұрғындармен бірге талқылап, шешеміз», — деп атап өтті МИБ төрағасы Алексей Ким.

Үй тұрғындары да МИБ жұмысын оң бағалап отыр.

«МИБ ақшасы кіреберістерге, балалар алаңқайына жұмсалады. Барлығының қайда жұмсалып жатқанын біліп отырамыз. Бәрі жақсы, тамаша. Ең бастысы — ауламыз таза, балалар үшін көңіліміз орнықты. Барлық тұрғын дән риза», — дейді қала тұрғыны Забура Омарова.

«Біздің төрағамыз бәрінің тілін табуға тырысады. Балаларға да, ересектерге де, жасы үлкен қарияларымызға да жайлы жағдай жасап жүр. МИБ жүйесі енгізілгелі бері көп нәрсе өзгерді. Ризамыз», — деп растады қала тұрғыны Алма Төлегенова.

Дегенмен, жағдай барлық үйде бірдей жақсы емес. Кейбір көппәтерлі үйлердің тұрғындары МИБ жұмысында қиындықтарға тап болып, қаражаттың жұмсалуын қалай бақылау керектігін әрдайым түсіне бермейді.

Заңгерлер әрбір пәтер иесі МИБ-дан айлық және жылдық есепті талап етуге құқылы екенін ескертеді. Құжатта жиналған қаражат, оның жұмсалу бағыттары, үйді басқару мен күтіп-ұстауға жұмсалған шығындар, мердігерлермен жасалған шарттар мен орындалған жұмыстардың актілері көрсетілуі тиіс.

«Тұрғындардың өздері МИБ төрағасының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға немесе оның қызметін тексеру үшін ревизиялық комиссия құруға құқылы. Мұндай комиссия құрылған жағдайда тұрғындар шот бойынша үзінді көшірмелерді сұратып, есептерде іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың көрсетілген-көрсетілмегенін тексере алады. Егер шоттағы қаражат басқа мақсаттарға заңсыз жұмсалғаны анықталса, тұрғындар жергілікті әкімдікке, прокуратура немесе полиция органдарына тиісті арызбен жүгінуге құқылы», — деп түсіндіреді заңгер Файзулла Смағұл.

Осылайша, пәтер иелері МИБ қызметі туралы ақпарат алуға, есептілікпен танысуға және жалпы жилыстарға қатысуға құқылы. Егер өтініштер мен шағымдар қараусыз қалса, тұрғындар уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіне алады.

Бұл ретте МИБ жұмысы мемлекеттік деңгейде реттеледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жүйенің тиімділігі көбіне пәтер иелерінің өзінің белсенділігіне байланысты екенін атап өтеді. Өз міндеттерін тиісінше орындамайтын төрағаларға қатысты заңнамада тиісті шаралар, соның ішінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Барлық норма тұрғын үй заңнамасында қарастырылған. 2020 жылдан бастап бұл салада реформа жүргізіп келеміз, бұл жұмыс әлі де жалғасуда. 2023–2025 жылдары тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізілді. Дегенмен, МИБ-ға тікелей қатысты тұжырымдамалық өзгерістер көп болған жоқ. Сонда да бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасады», — дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова.

Бүгінде Алматыда 9 600-ге жуық көппәтерлі тұрғын үй бар, оларды 2 500-ден астам субъект басқарады. Өткен жылы 265 тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 66 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, 37 объект жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам айыппұл төледі.

Параллельді түрде қалада тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым модернизациялануда. Осы жылдың соңына дейін 100 үйді жөндеп, 45 лифтіні ауыстыру жоспарланған.

Сонымен қатар, Алматыда үйлердің қасбеттерін жаңарту жалғасып жатыр. Бағдарламаның бірінші кезеңі қаланың үш ауданындағы 182 ғимаратты қамтыды. 47 үйде жұмыстар аяқталды. Тағы 129 объектіде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде 72 үйді қыркүйек айының ортасына дейін, ал қалған 57-сін айдың соңына дейін ретке келтіру жоспарлануда.

Көппәтерлі үйді басқару — бұл тек МИБ төрағасының емес, пәтер иелерінің де жауапкершілігі. Олардың жалпы жилыстарға қатысуы, шығыстарды бақылауы және мәселе туындағанда уақтылы жүгінуі үйді басқару жүйесін тиімдірек әрі ашық етуге көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Мектептегі түскі ас: балалардың тамақтану жүйесі қалай жетілдірілді