Бүгін елордадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінде, Елбасының алғашқы резиденциясында «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» тақырыбында көрме ашылды. Ел егемендігінің 30 жылдығына арналған шара – «Қазақстандық жол» ауқымды жобасының бір бөлігі. Көрмеде Алматы қаласының ел дамуына қосқан сүбелі үлесі құнды мұрағат құжаттары мен жәдігерлер, деректер арқылы көрініс тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінде, Елбасының алғашқы резиденциясында алматылық атмосфера орнаған. Мегополистің тыныс-тіршілігінен, ел Тәуелсіздігіндегі рөлінен сыр шертетін құнды жәдігерлер, құжаттар, ақпараттар «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінде көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелер қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласына алыстан ат арылтып алғашқылардың бірі болып алматылықтардың келгені тегін емес. Өйткені осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздігін Алматы қаласында жариялады және 1997 жылға дейін ел астанасы болғаны белгілі. Көрменің ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Елбасының сындарлы саясатымен 30 жылда еліміздің халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын айтты. Ел мерейін үстем етуде Алматының қосқан үлесін, жеткен жетістіктерін атап өтті.
«Алматы қаласы – экономика дамуының қаласы. Бұл – шағын және орта бизнестің қаласы. Бұл – өнердің қаласы. Алматы – білімнің қаласы, мәдениеттің қаласы. Бұл жұмыс әлі де жалғасын таба береді. Өйткені қазіргі таңда Алматы 2050 жылғы даму стратегиясын қабылдады. Стратегиядағы ең алғашқы біздің мақсатымыз – 2050 жылы әлемдегі ең озық 100 қаланың қатарына ену», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Көрме негізгі 3 бөлімнен тұрады. Олар – «Тәуелсіздік бастауы», «Қазақстандық жол: Алматының 30 жыл ішіндегі жеткен жетістіктері» және «Алматы-2050» жылға дейінгі даму стратегиясы» деп аталады. Бірінші бөлімде Алматының 1991-1997 жылдар аралығындағы кезеңі көрсетіледі. Онда Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы заңға қол қойылуы, мемлекетіміздің Ата Заңының қабылдануы, алғашы президенттік сайлау, ұлттық валютамыз – тенгенің тарихы, әлемде теңдесі жоқ ұлтаралық келісімнің бірегей моделін жасауы туралы ақпарат қамтылған.
«Егер біз Қазақстан дейтін өзіміздің Отанымызды, дербес мемлекетті қыранға теңейтін болсақ, онда оның қонып-ұшатын және қонып ұшқан тұғыры – Алматы. Егер біз Қазақстанымызды тұлғалы азаматқа теңейтін болсақ, оның мынау алғаш дүниеге шыр етіп келгендегі бөленген бесігі және жай алтын бесігі ол да – біздің Алматы...», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
2-тақырыптық аймақ «Қазақстандық жол: Алматының 30 жыл ішіндегі жеткен жетістіктері» деп аталады. Онда тәуелсіздік алғалы бері Алматы қаласының саясат пен экономикада, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және өзге де салаларда жеткен толайым табыстары көрініс тапқан. Атап өтейік, бүгінгі таңда жалпы республикалық салықтың төрттен бір бөлігін Алматы қаласы қамтамасыз етіп отыр. Ал Ішкі жалпы өнімнің бестен бір бөлігі мегополиске тиесілі. Көрмені тамашалауға шетелдің Қазақстанның ресми өкілдері де келді. Олар Алматының тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы орнын айрықша атап өтті.
«Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара дер едім. Бастысы, мол ақапарат алуға болады. Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюына Алматының қосқан үлесі зор екені даусыз. Әсіресе 2050 стратегиялық жоспары мынадай жұмыс қарқынымен сәтті жүзеге асатынына сенімдіміз», – деді Беларусь Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпин.
Ал нұрсұлтандық тұрғындар ішінде көрме өтеді дегенді естіп арнайы келгендер де болды. Олар әсем Алматының өткені және бүгінімен танысуға асыққанын айтады.
«Алматы – мен үшін ерекше, тарихи қалалардың бірі. Қазақтың ерекше мақтан тұтар қаласы... Алматы туралы бұрыннан білетінмін. Өзім Алматыға барып көрмесем де барып көргендей, сол жерде болғандай сезімге бөлендім», – дейді тұрғын Ақбер Қуаныш.
«Мұндай кереметті көремін деп ойлаған жоқпын. Жасым 76-ға келді. Әсерім өте күшті... Алматыны жақсы көремін. Біздің заманымызда соғылған қала ғой. Әсіресе 60-90-шы жылдардың аралығы ыстық көрінеді. Қазір де барлығы тамаша. Бағана сағат 11.00-де келгем, содан әлі аралап жүрміз. Күшті әсер алдым», – дейді Мәрзия Мұхаметаллина.
Залдың төрінде Тәуелсіздіктің символына айналған, Алматы қаласында орнатылған Тәуелсіздік монументінің кішірейтілген нұсқасы қойылған. Оны айнала қоршап 8 мұнара орнатылған. Ол тегін емес. Бұл – Алматының 8 ауданы. Әр ауданның ерекшелігі бар. Ол туралы мұнараларда жазылған.
Сонымен қатар, көрмегені тамашалауға келгендер мегополистің бүгінгі жетістіктерімен де таныса алады. Бүгінде қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау – Алматы қаласының басты даму векторы. «Алматы – бақ қала» стендінде қаланы абаттандыру мен көгалдандыру, жайлы қоғамдық орта қалыптастыру бағытында істелген жұмыстар жайында ақпар берілген. Ал көрменің «Алматы – жайлы қала» бөлімі мегаполистің тұрғын үй құрылысындағы жетістіктері жайында баяндайды. Алматы бүгінде бұл саладағы көрсеткішті 2,5 миллион шаршы метрге дейін жеткізіп отыр. Сонымен қатар инжинерлік, жол-көліктік инфрақұрылымын құру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тындырылған істер жайлы ақпарат ала алады. «Біздің болшағымыз: «Алматы-2050» жылға дейінгі даму стратегиясы» деп аталатын бөлімде шаһардың ұзақ мерзімдік даму жоспарының басты бағыттарын қамтылған. Көрме 2022 жылдың 28 қаңтарға дейін жалғасады.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан