Тәуелсіздік күні қарсаңында елге елеулі 120-дан астам алматылық мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ел дамуына ерекше үлес қосқан ерен еңбек иелеріне марапатты қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев табыстады. Қаланың төрінде өткізілген «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты салтанатты шараға мемлекет қайраткерлері мен Желтоқсан ұйымдарының басшылары арнайы шақыртылып, оларға ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық Тәуелсіздігіміз – қазақ халқы үшін қашан да киелі, қастерлі, мәні мен мәртебесі жоғары саналатын асыл қазына. Оның ішінде, Алматы қаласының алар орны ерекше. Себебі Тәуелсіздік, Еркіндік, Азаттық деген сүйінші сөздерді алғашқы болып естіген осы Алматы шаһары, Алматы жұрты. Қала тұрғындарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оңтүстік астана тек елімізде ғана емес, Орта Азияда қарқынды дамып келе жатқан мегаполис екенін атап өтті.
«Алматы – ірі өнеркәсіп ошағы. Осы жерден шет елге қосылған құны жоғары құрылғылар, көлік құралдары және өзге де тауарлар жөнелтіледі. Мұнда 30 жылда 14 млн шаршы метр тұрғын салуынуы осыған дәлел. 45 мемлекеттік мектеп пен 58 аурухана тұрғызылды. Міне, осының барлығы да Тәуелсіздігіміздің жарқын жетістіктері», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Елдің Тәуелсіздік алар жолында қаланың тарихта алар орны ерекше. Мемлекеттің ең алғашқы құндылығы – Ата заң Алматыда қабылданды. Сондай-ақ ұлттық рәміздер мен төл теңгеміз де осы шаһарда бекіді. Алматы 30 жыл ішінде жаңа бағытта дамыды. Қазір мұнда іскерлік белсенділік өте жоғары. Қала – республика бойынша кәсіпкерліктің орталығы. Бұған себеп еліміздің әрбір бесінші кәсіпкері Алматыда өз ісін жүргізіп отыр.
«Қазіргі таңда ХХІ ғасырдағы жас қазақ елінің ұлттық идеясы – Тәуелсіздік тірегіне айналған еркін дамудың жалпыұлттық идеясымен үндесіп отыр. Өйткені бүгінде еркін ел мен азат ұлттың ең басты мақсаты – келешегі кемел, болашағы біртұтас, мүддесі ортақ, мақсаты айқын, жоспары жасампаз, құндылықтары сарқылмас, бірлігі бекем, тірегі мызғымас ел болу», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Елге сіңірілген еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Бүгінгі салтанатты шарада ел дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Құрметке ие болғандардың арасында басқарма басшылары, қоғам қайраткерлері мен денсаулық саласының мамандары да бар. Атап айтсақ, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ІІІ дәрежелі Барыс орденімен, өзге де тұлғалар Парасат, Құрмет, Достық Еңбек даңқы мен Ерен ерлігі үшін медальдарын иеленді.
«Өте қуаныштымын. Өйткені расымен де, Тәуелсіздікке қызмет еткен журналистердің бірімін деп ойлаймын. Алматы – Тәуелсіздіктің тірегі. Қазақстың елі аман болғай, қазақтың жұрты аман болғай! Президентіміз біреу, Елбасы мен халқы тіреу болады деп ойлаймын. Сондықтан Тәуелсіздік құндылықтары айтылуы, жазылуы керек. Аудиторияларда жастармен кездесулер өткізілуі керек», – дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан.
Биыл ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесімен бірге, Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр. Алматыда қазір ақтау қағазы бар 547 желтоқсандық тұрады. Оларға қала әкімдігі тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, қоғамдық көлікте тегін жүре алады, жыл сайын мереке қарсаңында жәрдемақы төленеді және тегін шипажайлар мен сауықтыру орындарына жіберіліп отырады.
«Құдайға мың тәуба, біздің жастарымыз, біздің балаларымыз өз жерінде, өзінің ана тілінде әнін айтып, әңгімесін айта алады. Өз елінде шарықтап, шалқайып жүре алады. Бұл біз үшін үлкен бақыт», – деді республикалық «Желтоқсан-86» қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүніс.
«Еш уақытта жамандық болмасын, қай жерде болсақ та, жақсылық пен аманшылық, берекелі нұр-дәулет болсын. Мен жастарға сенемін. Жастар елімізді алға қарай жүргізеді», – деді «Желтоқсан жалауы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үміт Кенжебайқызы.
Алматы тұрғындары - Тәуелсіздіктің ұлы бастаулары мен жаңа бастамаларына тікелей куә болды. Қоғам қайтакерлері бүгінде экономикасы нығайған, өндірісі өркендеген мегаполистің одан әрі дамуына жастардың аянбай еңбек етері сөзсіз деп сенім білдірді.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы