Astana Media Week: отандық және шетелдік БАҚ өкілдері бас қосты

Astana Media Week: отандық және шетелдік БАҚ өкілдері бас қосты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада медиасаладағы отандық және шетелдік арналар, осы саладағы топ-менеджерлер мен ең үздік продакшн-компаниялар бас қосты. Елордада екінші рет Astana Media Week шарасы шымылдығын көтерді. Бұқаралық ақпарат пен ғаламтор мүмкіншіліктері талқыға түсіп, ой бөлісетін алаңға осы жылы екі мыңнан аса қатысушы келеді.

Қазақстанның ең үздік телеарналары мен продакшн компаниялары көптен күткен Astana Media Week форумы басталды. Жергілікті журналистер, медиаиндустрия мамандары және блогерлер 60-қа жуық мықты менеджермен, 50-ден аса продакшн өкілдерімен және шетелдік әріптестерімен үш күн бойы ой бөлісуге мүмкіндік алды. Жиынның өтуіне еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сүйемел болған. Ол үшін ведомство екі мыңнан артық қатысушыға Қазақстандағы ең ірі медиаалаң – «Қазмедиа орталығын» бөліп, барлық жағдай жасап отыр. Медиа уиктің алғашқы күні «Контент-маркет» көрмесі аясында отандық көрермендерге енді жол тартатын телебағдарламалар, мультфильмдер, көркем және деректі фильмдер мен реалити-шоулардың тұсаукесері өтті.

«Үш күн бойы медиаиндустрия саласындағылар жақсы нәтижеге қол жеткізер деген ниеттемін. Бүгін, алғашқы күні түрлі продакшн компаниялары өз туындыларын көрсетсе, ертең аймақтар жиынға қосылады. Қонақтарымыз қатты таңданыс білдіруде. Аз ғана тілдескеннің өзінде отандық телевизия мүмкіндігіне, журналистерге арналған осы орталыққа қызығушылықпен қарауда. Бізге бұл жиынның берер үлесі зор», –  деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Түркия сынды елдерден келген қонақтар отандық арналармен тығыз байланыста болғысы келеді. Мысалы, Анадолы түбегінен ат басын бұрғандар түбіміз бір болғандықтан, тарихымыз, ұлттық құндылығымыз жайлы бірлескен жоба ұсынбақ.

«Керемет жиын ұйымдастырылған. Өте пайдалы. Біз бұл жерде медиасалаға қатысты бірқатар жобаны көрдік, бізге Қазақстанның бүкіл медиасаласы қызық. Біздің келуіміздің де басты себебі, бірге жобалар жасау, әріптестікті нығайту. Қазақстан біз үшін тарихи Атажұрт. Сондықтан сіздермен бірігіп отырып, өзіміздің тарихымызға, мәдениетімізге қатысты көптеген жобалар жасасақ деген ниеттеміз», – деді «TRT» телернасының басқарма басшысы (Түркия) Мухсин ЙЫЛДЫРЫМ.

Ал ертең Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының форумы өтеді. Онда медиасаланың беделді сарапшылары отандық журналистиканың цифрлық баламасына өту, контент нарығы, өндірісі мен дистрибуциясы жайын талқылайды. Сонымен қатар, ел масс-медиа қызметіне қатысты заңнама саласындағы реформаларды талқыламақ.

«Ертең аймақтаға арналар келіп, өздерінің бар дүниелерін көрсетеді. Былайша айтқанда, бұл Қазақстан журналистикасының көрмесі сияқты. Ал көрмеде әдетте, ең озық, ең жетілген, ең үлгі тұтарлық дүниелер көрсетіледі ғой. Ал ондай ерекше дүниелер міндетті түрде журналистерді рухани тұрғыдан байыта түседі», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы ОМАШЕВ.

«Алматы» телеарнасы да белсенді қатысып жатқан Astana Media Week шарасының үшінші күніне тоқталсақ, 28 қыркүйекте «Aстана диджитал форумы» өтеді. Беделді сарапшылар қатысатын жиында Диджитал-маркетинг трендтері сөз болып, цифрлық экономикада қазақстандық медиасаланың орын табуы мен сандық ресурстарды дұрыс пайдалану жайы талқыланбақ.  


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана




Новости партнеров