Әуежай қызметкерінен тәркіленген 23 ақсұңқар түгел қырылып қалған

Әуежай қызметкерінен тәркіленген 23 ақсұңқар түгел қырылып қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана әуежайында осы көктемде тәркіленген 23 ақсұңқарды шетелге заңсыз асырмақ болған сол әуежайдың өз қызметкері болып шықты. Ол қара сөмкеге буып-түйілген бағалы құстарды Дубайға жөнелтпек болған. Алайда, арам пиғылы жүзеге аспай қалады.

Әуежай қызметкерінің бұл қылығы тіпті бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен. Қазір құстарға қырғидай тиген Нұржан Жақсыбековке қатысты сот үкімі де шыққан. Ол шартты түрде 4 жарым жылға бас бостандығынан айрылды.

Дегенмен, қалта қамын ойлағандардың кесірінен қолға түскен 23 сұңқар түгел қырылып қалған. Олардың үшеуі қатты буылғандықтан әуежайдан көп ұзамай сөмке ішінде өлген. Ал қалған жиырмасы Алматыдағы тәлімбаққа емдеуге әкелінген еді. Бірақ мамандар барын салғанмен, бір құсты да аман алып қала алмаған.

Жалпы, қырылған 23 сұңқардың бәрінің шығыны 33 миллионнан астам теңгені құраған. Айта кетсек, бұл сұңқарларға қатысты Астана әуежайы қызметкері тарапынан жасалып отырған бірінші қылмыс емес.

«Сол әуежайда бас маман болып жұмыс істейтін азамат сұңқарларды заңсыз түрде таңғы 4.35-те Дубай қаласына жібермекші болған. Аталған азамат бұл сұңқардың тек үшеуін ғана өтеді. Неге десеңіз, 9-наурыз күні осы 23 сұңқардың үшеуі өліп қалған болатын. Қалған 20 бас сұңқар Алматы қаласы «Сұңқар» питомнигіне жолданды. Осы уақыт ішінде түрлі ауру салдарынан 20 сұңқар құсы да өлді. Орман шаруашылығы комитеті өз кезегінде, қалған 20 құстың шығынын өтеу бойынша сотқа тағы шағымданатын болады», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен ДІЛДАХМЕТ.

Ал күні кеше дәл осындай 7 қымбат құсты Алматы әуежайы арқылы Біріккен Араб Әмірліктеріне заңсыз асырмақ болған тағы бір ер адам қолға түскен еді. Алматы - Шардж халықаралық рейсіне құжаттарды тіркеу кезінде шекарашылардың көзі күдікті сөмкеге түскен. Құзырлылар дереу тінту жасап, ішінен қорапқа салынған құстарды тәркілепті. Осы дерекке қатысты 37 жастағы күдікті қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша іс қозғалды. Ителгілер қаладағы «Сұңқар» тәлімбағына тапсырылды. Бұл 7 құстың да жағдайы нашар көрінеді. 



Новости партнеров