Шымбұлақ тау-шаңғы курортында темірдей тәртіп орнайды. Бұдан былай шипажай аумағын полицейлер бақылайтын болды. Олар қоғамдық тәртіпті бұзып, шатқалда бүлік шығарған бұзақыларды дереу қолға түсіреді. Қолындағы қаруларын тастап, шаңғымен жүріп патруль жасайтын полицейлер жарақаттанып қалған туристерге де шұғыл көмек көрсетеді.
Таң сәріден Шымбұлақтағы тәртіпті қадағалауға келетін полицейлердің жұмысы осы киінетін бөлмеден басталады. Сақшылар әдетте күн сайын киіп жүретін формалары мен ауыр бронежилеттерін тастап, қақаған аязға төзімді ыңғайлы эпикировкамен қамтамасыз етіледі. Ал асып жүретін үйреншікті әскери қаруларының орнына шаңғы алады. Әрмен қарай сыртқа шығып, бой жазып денелерін жаттықтырады. Көп ұзамай шаңғымен сапқа тұрып, әрқайсысы өздеріне тиесілі аумақтағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға кіріседі.
«Бала кезден шаңғы тепкеніміз бар. Шаңғы тебе алатындарды арнайы іріктеп таңдап алып, ары қарай тағы да шыңдатып жатыр. Тебу білмегендіктен, үйренбегендіктен, бірден жоғарыға шығып кетіп сырғанап, құлап қалатындар да бар. Ережеге бағынбайтын, тебуге болмайтын жерлерге шығып кететін азаматтарды тоқтатып, ұстап, ескертіп, олай болмайтынын айтып, ережені түсіндіріп, қажет болса оларды ақпараттық бөлімге жеткіземіз», – деді Алматы қаласы ПД Арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы Матай АЛДИЯРХАН.
Тәртіп сақшылары шаңғы тебушілерге кедергі келтіріп, оларды қағып құлататын адамдарға ескерту жасайды. Одан қалды, тау бөктерінен құлап, аяқ-қолын жарақаттап мертіккендерге де шұғыл көмек көрсетеді. Жарақаттанған туристің жанына шатқалдағы арнайы құтқарушыларды шақырып, науқасты медпунктке дейін жеткізу де осы полицейлердің құзырында.
Қырағы полицейлер мұнда шаңғы тебушілерден бөлек, табиғатты тамашалауға келген әрбір туристің жүрыс-тұрысын қатаң бақылайды. Егер жол ортасына тұра қалып суретке түсіп, селфи жасап, елге бөгет қылсаңыз, міндетті түрде сақшылардан сөз естисіз.
Шымбұлақтағы қоғамдық тәртіпті қору үшін «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты сақшылар таңдалып алыныпты. Оларға қойылған басты талап – шаңғыны жақсы теуіп, биік құздарға дейін қорықпай шығу екен. Әрі сақшылардың шапшаңдығы да ескерілген. Полицейлер шаңғы шатқалында тек сенбі-жексенбі күндері және мейрам кездері қызмет етеді. Ал өзге уақытта Жедел әрекет ету жасағының құрамында болады.
«Мен Еуропаға жиі саяхаттап, шетелдің тау-шаңғы шипажаларына көп барамын. Ол жақтарда осындай полицейлер бұрыннан бар. Олар жарақаттанғандарға дер кезінде көмек көрсетеді. Біздің шатқалда да қауіпсіздігімізді сақтайтын сақшылардың қызмет ете бастағанына өте қуаныштымын», – дейді Тілеубай ТІЛЕНШИЕВ.
«Шатқалдағы полицейлер әсіресе, жаны экстремалға құмар туристерді тәртіпке шақырса дейміз. Адам көп жүретін жерде экстремал жасауға болмайды ғой? Өзімен қоса, өзгенің өміріне қауіп төндіреді. Сақшылар соларды жөнге салса екен», – деді Леонид СМИРНОВ.
Жыра-сайларды мұқият қарап, шаңғымен бағдарлаушы полицейлерді жергілікті тұрғындар жылы қабылдапты. Қазірдің өзінде тынығушылар тарапынан шаңғышы полицейлерге өзге киім үлгісін беру туралы ұсыныс түсіп жатыр екен. Сондықтан шипажай басшылығы полицейлерді жаңа эпикировкамен қамтуды жоспарлауда.
«Өкінішке қарай, қонақтардың арасында ішіп алып тәртіп бұзатындары да аз емес. Осындағы қызметкерлерге қыр көрсетіп, өзге тынығушылардың мазасын қашырады. Құтқару қызметінің сөзін құлаққа да ілмейді. Сондықтан шатқалда полиция қызметкерлерінің жүруін құп көрдік. Олар мұнда тәртіп орнатары сөзсіз», – деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының директоры Ержан ЕРКІНБАЕВ.
Шымбұлақта сырғанаймын деп жарақаттанатын адамдардың саны жыл өткен сайын азайып келеді. Бірақ қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, мұнда күніне он шақты адам мертігіп жатады екен. Енді шаңғышы полицейлердің көмегімін, шатқалда темірдей тәртіп орнайтын көрінеді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы