Жыл басынан бері Қазақстанда 11 теракт жасау әрекетіне тосқауыл қойылған. Ұлттық қауіпсіздік комитет өкілдері осылай деді. Бұдан басқа, құзырлы органдағылар соңғы 5 жылда ел аумағынан жиһадқа аттанып, сонда көз жұмғандардың нақты санын айтты.
Биыл республика аумағында деструктивті діни ағымды белсенді түрде үгіттеген 22 адамға қатысты қылмыстық тергеу жұмыстары жүргізілген. Араларында Орал қаласында 8 жылға сотталған Абдухалил Абдужапаров та бар. Ал, шетелге, яғни Таяу Шығысқа 2011 жылдан бері соғысқа аттанған отандастарымыздың 220-дан астамы сонда көз жұмған. Бұдан бөлек, шекарадан әрі аса алмағандар өз отанында теракт жасауға да талпыныпты.
«Елдегі жағдай тұрақталды, террористік және экстремистік оқиғалар тіркелген жоқ. Дегенмен, биылғы жылдың басынан бері террористік сипаттағы жоспарланған 11 әрекеттің жолы кесілді», - деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали БІЛІСБЕКОВ.
«Соғыс болып жатқан аймақтарда Қазақстан азаматтары бар деген хабардан құлағдармыз», - дейді. Тек ақпараттың шындыққа жанасатындығын тексеру мүмкін емес. Өйткені, онда не консулдық қызмет, не жергілікті билік те жағдайды бақылауда ұстап отырған жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары ересектермен бірге кеткен балалар жағдайын да сөз етті. Нұрғали Білісбеков қақтығыс ошақтарынан бүгінгі күнге дейін 63 бала қайтарылса, алдағы уақытта тағы 50-інің елге жеткізілетіндігін мәлімдеді.
«Бірден айтайын, қазір Сирия-Ирак аумағында 16 жасқа дейінгі 390 бала жүр, оның 214-і ұл, 176-сы қыз бала. Бұл аз сан емес, балалармен оңалту жұмыстарын жүргізу бойынша алда ауқымды шаруалар күтіп тұр. Біз аталған деректерді айта отырып оның шындыққа қаншалықты жақын екендігіне кепілдік бере алмаймыз. Балалардың террористік аумақтарда жүргені анық. Бірақ сол балалардың барлығы тірі ме? Осыны дөп басып айта қиын», - деді Нұрғали БІЛІСБЕКОВ.
Бүгінгі күнге дейін шайқас аймақтарынан өз еркімен 125 қазақстандық отанына оралған. Олардың арасында «соғысты» деген кінәсі делелденген 58-і қылмыстық жазаға тартылыпты. Жалпы, Қазақстанда 2017 жылы терроризм және экстремизмге қатысы бар 43 адам темір тордан босатылған. Ал, алдағы 2018 жылы тағы 106-ы бостандыққа шықпақ. Қалай болғанда да, мамандар «оларды қатаң бақылауда ұстаймыз», - дейді. Шетелде белгісіз діни оқу ордаларында білім алатындар да бұл тізімге енеді.
«Қазіргі кезде шетелдік діни жоғарғы оқу орындарында білім алуға кету 11 пайызға азайды. Бір-екі жыл алдын 400 адам болса, қазір көрсеткіш 135-ке тең. Бұл өзге елдің қауіпсіздік органдарымен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Мысалы, біз Мысырдағы күдік тудырған білім ордалы туралы ақпарат сұраттық. Соңында олар өздері ол радикалды ошақ деп танып, жауып тастады», - деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары.
«Сирияға аттанғандарды азаматтықтан айыру мәселесі де қаперде», - дейді мамандар. Бірақ, әзірге ешкімге қатысты бұндай шешім шықпаған. Соғыстан елге қайтқан немесе үшінші елдің аумағына кірмек ниетті жиһадшылар бірден тұтқынға алынады. Органдар заңбұзғандарды жайына қоймайтындығын жасырмады. Айта кетейік, 21-22 желтоқсанда Сирия мәселесіне қатысты Астана процесінің 8-ші раунды өтеді.
Нұржан Сәдірбай, Нұрлан Өтеген, Олжасбек Мәден, АТ Астанадан