Бүгін Алматы жұртшылығы біртуар ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы, академик Карл Байпақовты ақтық сапарға шығарып салды.
«Ғылым ордасы» ғимаратында өткен қаралы жиынға келгендердің қарасы қалың. Олардың арасында марқұмның туған-туыстарынан бөлек, билік өкілдері, Карл Молдахметұлының үзеңгілес әріптестері, туған-туыстары мен достары түгел жиналды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының көңіл айту жедел хатын оқып берді. Қалың бұқара марқұмның отбасына көңіл айтып, қайғылы қазаға ортақ екендерін жеткізді.
«Көрнекті археолог ғалым Карл Байпақовтың дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Академик Карл Молдахметұлы Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы көне археологиялық жәдігерлер бойынша білім-танымы терең және есімі қалың жұртшылыққа кеңінен танымал беделді де зиялы азамат еді. Ол көп жылдар бойы Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалашықтарды зерттеу арқылы тарихи маңыздылығы құнды еңбектер жазды. Сондай-ақ ол Ұлттық ғылым академиясының археология институтынына жетекшілік жасай отырып, еліміздегі осы саладағы жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі іргелі істерді тыңдырды», – ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.
Өмірін ғылымға арнаған академик-археолог, ғалым Карл Байпақов 78 жасында қайтыс болды. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының хабарлауынша, Карл Байпақов қарашаның 22-с і күні кешке сырқаттан көз жұмған. Ол Қазақстан археологиясының қалыптасуына, Ұлы Жібек жолының тарихын зерттеуге, тәуеліз Қазақстанның археологиялық ғылыми орталығын құрып дамытуға зор үлес қосты.
«Карл Молдахметович еліне, халқына тік тұрып жұмыс істеген азамат дедім ғой. Ол Қазақстандағы Археология институтының директоры болып 20 жыл жұмыс істеді. 20 жылдың ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақстан тарихындағы белгілі дәуірлердегі ескерткіштерді ашты», – деп пікір білдірді тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит ШАЛЕКЕНОВ.
«90-шы жылдардың аяғында Карл Молдахметовичтің бастамасымен Археология орталығы ашылған кезде барлығымыз қуандық. Өйткені, сол орталықтан бастап археология саласы арнайы іргелі зерттеулермен айналысып үлкен институтқа айналды. Халықаралық елдер аралық деңгейдегі үлкен беделі жоғары ғылыми орталыққа айналды. Сонымен қатар, біз тұлғаның адами қасиеттерін айтып кеткеніміз жөн. Өйткені, ғылымда үлкен түрен салғанда ғалым үшін бастысы – адами қасиеттері алда болуы тиіс», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар МАЖИТОВ.