Түркістан облысында әкесінен қорлық көрген балалар жуынды ішіп жүр

Түркістан облысында әкесінен қорлық көрген балалар жуынды ішіп жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Анасынан ерте айырылған балалар туған әкесі мен өгей шешесінен қорлық көріп отыр. Олардың бүгінгі жағдайы туралы нағашы әжесі ашық айтты, деп хабарлайды kyn.kz.

Балалардың нағашы әжесі Гүлбахордың айтуынша, оның қызы көзі тірісінде күйеуінен таяқ жеп, әбден азабын тартқан.  Жағдайы нашарлап қалған кезде, балаларын анасына аманат етіп қалдырған. Ал 2013 жылы  қатерлі ісік дертінен көз жұмған.

«Қызым ауырып жатқанда оны үш баласымен бірге маған әкеліп тастады. Кішкентайы әлі бесікте жататын. Сол уақытта күйеу балам көрші әйелмен жүреді екен. Әйелінің қазасынан кейін бір жыл өтпей-ақ, екінші рет үйленіп алды. Сегіз ай өткен соң сот арқылы немерелерімді тартып алды», — дейді Гүлбахор Тоқташова.

Қазір марқұм қызының күйеуі Дәурен есімді азамат балаларын нағашы әжесімен мүлдем  кездестірмей қойған. Оларды сабап, аяқ-қолдарын байлап, қорапшаға салып қояды. Осындай жантүршігерлік жайттың куәсі болған әйел немерелерін видеоға түсіріп, полицияға арызданды. Бірақ онысынан түк шықпайды. 

«Балалар сарайдың алдындағы екі итке құйған тамақты ішіп жүр. Оларға ешкім тамақ бермейді. Жаз бойы ауылда ағылып жатқан қарбыз, қызанақ дегенді жеп көрмеген. Құдағиым (Дәуреннің анасы) да қазіргі келінінің ісін көзімен көріп отыр. Екеуміз балаларды дәрігерге алып бардық. Полицияға қайта арыздандық. Кішкентайлардың алған жарақаттарына, денсаулығының нашарлап кеткеніне қарамастан, оларға 75 мың теңге айыппұл салып қойды. Одан басқа ешқандай шара қолданбай, істі жауып тастады», — дейді қария.

Енді Гүлбахор әжей немерелерін өз қамқорлығына алып, қатыгез ата-ананың тиісті жаза алуын қалайды. Осыған тиісті органдар назар аударып, балалардың бақытты өмір сүруіне қолдау көрсетуді сұрап отыр.


Новости партнеров