Қазақ-қырғыз шекарасындағы ұзын-сонар кезек: депутаттар мәселенің шешімін ұсынды

Қазақ-қырғыз шекарасындағы ұзын-сонар кезек: депутаттар мәселенің шешімін ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу пункттері күрделі жөндеуден өтеді. Бұл өткелдегі құжат рәсімдеу процедурасын тездетіп, қауіпсіздік шарасын күшейту мақсатында жасалатын қадам. Шекара жайын көздейтін заң жобасын бүгін Мәжіліс депутаттары мақұлдады.

2019 жылы Мәжіліс депутаттарының алғашқы пленарлық отырысы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі арасындағы шекаралық келісімге арналды. Қазіргі заң жобасындағы кемшілікті халық қалаулысы Артур Платонов оқып берді. Ол адамдар өтетін пункттерде кезектер сағаттап созылады деді. Өткен жылы күніне 18 мыңнан астам адам мен 600 көлік кесіп өтерде бұл мәселе әбден ушыққанын тілге тиек етті.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шекарадан өтетін бір адамды рәсімдеу үшін 3 минут, жеңіл автокөлікті рәсімдеу үшін 15 минут, ауыр көлікті рәсімдеу үшін 25 минут, ал автобусты рәсімдеу үшін 30 минутқа дейін уақыт беріледі. Нормативтер бойынша осылай болуы керек. Бірақ тәжірибеде одан біршама көп уақыт кетеді. Әсіресе, жазғы кезеңде қиын. Қазіргі таңда екі ел шекарасының өткізу қабілетін арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?», – деген сауал қойды ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Артур ПЛАТОНОВ.

Айтылған дәйекке Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр өз жауабын берді. Ведомствода ұзын-сонар кезекті азайту үшін қос ел «Сарытөбе» мен «Ауқатты» өткізу пунктерін екіжақты бекеттен көпжақты бекетке ауыстыру туралы келісімге қол қойылғанын жеткізді. Соңғы 20 жылда инфрақұрылым ескірген шекара бөлімдеріне биыл күрделі жөндеу жасалады.

«Осылайша, барлық 7 өткізу пункті көпжақты болады. Биыл Қарасу пунктіндегі көпірді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Шығынды қырғызстандық әріптестермен бірге 50/50 етіп шығарамыз. Сондай-ақ, біз өткен жылы «Қордай» өткізу пунктінің мүліктік кешенін Шекара қызметінің балансына алдық. Биыл шілде айына қарай біз жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтаймыз, ал күзде, туристік маусым аяқталғанда оны қайта құра бастаймыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман СКЛЯР.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бауырлас елдер арасындағы қылмысқа қарсы күресті күшейтпек. Шекараны заңсыз кешіп өткендер, есірткі тасығандармен қатар, соңғы үш жылда мал ұрлау жағдайы да көбейген. 2016 жылдан бері 28 факті бойынша Қырғызстаннан біздің елге тек 670 бас жылқы ұрланып әкелінгені нақтыланған. Мәжіліс депутатты елдегі жол апаттарына алаңдаушылық танытты. Павел Казанцев тәуелсіздік алғалы бері темір тұлпарлардың соқтығысуынан Қазақстанда 82 мың адам көз жұмып, 500 мыңы жарақат алған деді.

«2018 жылы жол-көлік оқиғасынан 2 мыңнан астам адам көз жұмды, 20 445 адам жарақат алды. Бейбіт заманда адамдар соғыс кезіндегі секілді қаза болуда. Зардап шеккендердің жалпы санынан 70 пайызға жуығы еңбекке жарамды жаста. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендірдің көбісі мүгедек болып қалады», – деді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Павел КАЗАНЦЕВ.

Депутат осы жағдайларды алға тартып, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасмовқа сауал жолдады. Ол жол-көлік оқиғалары көбіне автокөліктегі ақау немесе жол инфрақұрылымы жағдайынан емес, жүргізушілердің кінәсінен орын алуда деді. Сондықтан жауапты ведомствр тізгінге отырғандармен жұмыс істеу керектігін ұсынды.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров