Алматыда автобус жүргізушілері біліктілік сынағын тапсырды

Алматыда автобус жүргізушілері біліктілік сынағын тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мегаполисте қоғамдық көлік жүргізушілерінің сапасын көтеруге ден қойылмақ. Алматыдағы 2 жарым мыңнан аса автобус жүргізушілері біліктілік сынағынан өтті. Тестке қаладағы 14 автобус паркінің қызметкерлері қатысты. Көлік реформасы аясында алғаш рет қолға алынған шара жүргізушілердің имиджін көтеруге қаншалықта әсер етпек?  

Тест тапсыруға келген Ролан Болатұлының мегаполисте қоғамдық көлік жүргізіп жүргеніне биыл 10 жыл. Қанша жыл автобус тізгіндеп жүрсе де сынаққа келгенде қобалжығанын жасырмады. Және біліктілікті арттырып тұруға бағытталған бұл шараны қос қолдап қолдап отыр. Өйткені, Алматыдай үлкен қалада қоғамдық көлікпен жүретін халық та, қауіп-қатер де көп.

«Қазір қала жолдарында өзгерістер көп қой. Соның бәрін өзіміз оқып, көріп, қазір тест өткізіп жатырмыз. Мұндай сынақтар керек, әрине, тек автобус жүргізушілері ғана емес жеңіл көлік жүргізушілеріне де керек деп ойлаймын», – деді автобус жүргізушісі Ролан БОЛАТҰЛЫ.

Тест 3 блоктан тұрады: жол ережесі, алғашқы медициналық көмек көрсету және көлік жүргізу мәдениеті мен стресске төзімділігін анықтайтын сұрақтар бар. Сынақтан сүрінгендерді қайта оқытамыз дейді мамандар. Себебі, бүгінгі күннің жүргізушілеріне қойылатын талап та жоғары. Олар тек тұрғындарды тасып қана қоймай, қаламыздың тарихы мен мәдениетінен хабардар болуы тиіс. Алматыға қыдырып келген қонақтар мен туристерге де әсем қаланың көрікті жерлерін түсіндіре алуы керек дейді. Қазір автобус жүргізушілерінің сырт келбетіне де аса мән берілуде. Жақында мегаполистегі қоғамдық көлік жүргізушілерінде бірегей форма болады.

«Қазір Алматыда барлық автобустардың жүйелері, техникалардың бәрі жаңаланып жатыр. Жүргізушілер әртүрлі жағдайларға, оқыс жағдайларға дайын болуы керек. Сондықтан оларды оқытып, білімін арттырған өте пайдалы деп ойлаймын», – дейді автоколонна басшысы Бауыржан ДАРИЕВ.

Қазіргі таңда қоғамдық көлік жүргізушілерінің иммиджін көтеруге ден қойылмақ. Осылайша, қала билігі бұл мамандыққа келгісі келетін жаңа кадрлар легін қалыптастырмақшы. Оған себеп, соңғы жылдары автобус парктерінде туындап жатқан маман тапшылығы.  

«Мына тесттен кейін біз жүргізушілерді тағы да қосымша транспорт мамандарының біліктілігін арттыру орталығында оқытамыз. Жүргізушілерге біз өз өмірімізді сеніп тапсырамыз. Бірақ мәселе олардың бізді діттеген жерімізге қалай жеткізетінінде ғой. Жаңа кадрлар келсе, жақсы болар еді», – деді Алматы қаласы мәслихатының Еңбек, жұмыспен қамту және көлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Роза БАДАЕВА.

Тестілеудің қорытындысы алдағы күндері дайын болады. Соның нәтижесінде мамандар көлік жүргізушілеріне арнайы оқыту жоспарын құрмақ. Алматылық көлік мамандарын даярлау орталығындағылар бұдан былай жүргізушілерді тесттен өткізіп, біліктілігін арттыру жыл сайын жүргізіледі деп отыр.

Айта кетейік, өткен аптада ғана қала парктеріне 200 жаңа автобус қосылды. Ал, келер жылдың басына дейін мегаполистегі жаңаланған қоғамдық көліктің үлесі 87 пайызға жетпек. Және тұрғындарға қолайлы болуы үшін жыл соңында аялдамларда электронды таблолар қойыла бастайды.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров