|
28.09.2018 | 17:15
8070

Алматыда есірткі сататын сайттар жарнамасымен күрес жұмыстары басталды

Алматыда есірткі сататын сайттар жарнамасымен күрес жұмыстары басталды

Нашақорлыққа итермелейтін сайттарға жол жоқ. Жастарды түзу жолдан тайдырушылар арам пиғылдарын көпқабатты үйлердің сыртына арнайы сөздер арқылы жасырын жазып тартуға тырысады екен. Көрсетілген кодқа қызығушылығы артқан жеткіншек есірткі сатумен айналысатын сайттардың қақпанына түсіп қалуы әбден мүмкін. Осының алдын алу үшін қаладағы белсенді жастар арнайы акция ұйымдастырды.  

«Мынау есірткі заттардың жарнамасы. Біз осыларды өшіріп шығамыз. Міне, прокуратура, қоғамдық ұйымдар мен әкімдіктің өкілдері келді. Өкінішке қарай, қалада мұндай жарнамалар өте көп», – дейді ерікті жастар.

Дәл мұндай жазу түрлері қазіргі таңда қаладағы ғимараттар мен көпқабатты үйлердің сыртында толып тұр. Бүгін қаладағы ерікті жастар қолдарына арнайы бояу алып, бірнеше көшедегі осындай ерсі жазуларды өшіріп шықты. Десе де, бұл бір күнде біте қоятын жұмыс емес дейді белсенділер.  

«Қаладағы жастардың тыныс-тіршілігін бақылау, мониторинг жасау – қоғамдағы белсенді ұйымдардың, белсенді жастардың, азаматтардың басты міндеттерінің бірі деп білемін. Бүгінгі акция соған дәлел. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, бізге жастардың атынан өзіміз қоғамда болып жатқан бір жайттарды болдырмау үшін, осындай акцияны бір күн ғана ұйымдастырмай, ары қарай да өз жалғасатын табатындай жасасақ дейміз. Ол шараларға жастар ұйымдарын, белсенді азаматтарды, жалпы, қала тыныс-тіршілігіне немқұрайлы қарамайтын азаматтарды шақырмақпыз», – деді «Жас қадам» қоғамдық қорының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.

Ал жасырын жарнамалар әлеуметтік желілерде де қаптап жүр. Психотроптық дәрінің немесе есірткінің жарнамасына алданып жатқандардың көбі жасөспірімдер екен. Олар тіпті, көшедегі жарнамаларды жапсыру үшін мектеп жасындағы балаларды пайдаланатын көрінеді.  

«Бұған, әрине, заң жүзінде тыйым салынған. Бұл қарапайым жазу ғана ғой. Ол жазуды кім, қашан жазғанын бақылауда ұстап, анықтап отыру өте қиын. Біреу көрсетпей жазып кетеді, біреу қабырғаға ойып, енді біреу қоршауға таңбалап жазып кетеді. Тіпті тасқа да, жердегі асфальтқа да жазып кетіп жатады. Сондықтан қадағалау өте қиын. Және тағы бір айта кетер мәселе, осы жазуларды жазу әрекеттеріне көп жағдайда, кішкентай бүлдіршіндерді де тартып жатады», – деді «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен БАБАМҰРАТОВ.

Қазіргі таңда Ішкі істер департаментінің мәліметінше, 69 күдікті сайт бұғатталған. Енді олардың авторлары мен иелері іздестіріліп жатыр.


Гүлшырын Серікқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир