|
21.11.2018 | 17:15
13894

Алматыда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы талқыланды

Алматыда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы талқыланды

Алматыда Елбасының бүгін таңертең жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын тарихшылар, жазушылар мен қоғам қайраткерлері қызу талқылады. Олар бірауыздан маңызы мол құжаттың дер кезінде жарияланғанын айтты. Ал мақаладағы алты ірі жобаны жүзеге асыру – еліміздің терең тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттауға мол мүмкіндік береді дейді тарихшылар. Басты мақсат – төл тарихын бағалайтын жас ұрпақ тәрбиелеу.  

Алматыда Елбасының жаңадан жарияланған мақаласын талқылау үшін зиялы қауым өкілдері жиналды. Бұл маңызды құжат бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы. Айта кетсек, Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы екі бөлімнен тұрады. Біріншісі «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады. Онда Елбасы қазақта киелі саналатын жеті қазынаның жеті қырын тәптіштеп айтып, мән-мағынасын ашып түсіндіреді. Әсіресе, текті жануар жылқыға кеңірек тоқталыпты. Сондай-ақ, қазақтың тылсым табиғаты назардан тыс қалмады. Осылайша жаһандық тарихтағы өз рөлімізді дұрыс пайымдауға шақырды.  

«Үлкен іргелі сауалдардың бәріне әлемнің алдында жақсы жауаптар бергені ұлттың дамуы, ұлттың өзін сақтауы, өзін-өзі қорғау, ішкі тұтастығымызды, сыртқы абырой беделімізді сақтап қалудың бірден-бір көзі. Үстімізге киген киіміміз, ойлау жүйеміз, санамыздың деңгейі, ұлттық сипатымыз, соның бәрі Президент мақаласында кеңінен талқыланған екен», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан ОРАЗАЛИН.

«4 алтын адам табылды. 4 алтын адамнан біздің тарихымызға қандай жаңа жүйе кірді? Басқа ел 1 теңге тауып алса, сол арқылы тарихын 5 ғасыр, 10 ғасырға жылжытып жатады. Тарихты білмей, қалай бірігеміз? Қалай біздің бауырмалдығымыз оянады? Оянбайды ғой. Осылардың бәрін ойлану керек. Мұны бірінші тарихшыларға мәселе етіп қою керек. Оларды бәлкім жеке жинау керек шығар. Біз қай уақытта енді қозғаламыз деген мәселені айту керек», – деді жазушы Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ.

Ал мақаланың екінші бөлімі алдағы уақытқа бағыт-бағдар береді. Елбасы төл тарихымызды бағалап, жаңғыртуға арналған нақты 6 тапсырманы жүктеді. Оның қатарында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын «Архив-2025» атты жеті жылдық бағдарламасын жасау, 2019 жылы Түркітанушылардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында «Ұлы даланың ұлы есімдері» саябағын ашу, сондай-ақ, «Ұлы дала» деген атаумен ежелгі өнер және технологиялар мұражайын ашу сынды тарихи әрі маңызды міндеттер бар.

«Президент архив мәселесіне көңіл аударыпты. «Архив-2025» деген мәселе қойған екен. Ондағы Президенттің ойы – біз әлі де болса, архивімізде сақтаулы отан тарихына байланысты беттерді ашуымыз керек. Халыққа жеткізуіміз керек. Мен өз басым оны қатты қолдаймын. Біздің архивімізде әлі де болса ашылмаған парақтар, беттер жатыр. Ұлттың қасіретті тарихы жатыр», – деді тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ.

«Сондай-ақ, «Ұлы дала есімдеріне» тоқталсақ, Томиристен бастап, кешегі Ахмет Яссауи жөнінде әлі күнге дейін дұрыс кітап шыққан жоқ. Аударып жатырмыз. Ана жақтан аударамыз, мына жақтан аударамыз. Бірақ әл-Фарабидың мұрасын әлі толыққанды әкеле алған жоқпыз. Әлі күнге дейін қазақшаға аударып шығара алғанымыз жоқ. Қазақ оқырмандары әл-Фарабидің кім екенін әлі күнге дейін білмейді», – деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан МАТЫЖАНОВ.

Елбасы қорытындылай келе, бұл бастамаларды «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы секілді жемісті жүзеге асыруға шақырады. Өткенді мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі деді мақала соңында.

«Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» арасында үлкен дүниелер айтылды. Бұл енді Ұлы даланың қасиетін, ұлы даланың киелі екенін бәріміз де айтуымыз мүмкін. Бірақ Елбасының аузынан айтылуы біз үшін үлкен ұлағатты дүние болды. Ақын ретінде риза болғаным, Домбыра күнін атап өтуі. Домбыра деген не? Домбыра – қазақ. Домбыра – ел», – деп пікір білдірді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай САРИЕВ.

Ортақ ой айтып, пікірлерімен бөліскен зиялы қауым өкілдері мақаланың мәнін ашып, дүйім жұртқа жан-жақты етіп түсіндіруге басымдық бермек. Ұлттық құндылық пен тамыры тереңде жатқан тарихымызға қатысты мақаладағы міндеттерді билікпен бірге орындауға да ниетті екендерін айтып тарқасты.


Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир