Денис Тен қаза тапқан жерге ескерткіш орнатылады

Денис Тен қаза тапқан жерге ескерткіш орнатылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денис Тен құрбан болған жерге ескерткіш орнатылады. Бұл туралы бүгін мәнерлеп сырғанаушының әкесі Юрий Тен мәлімдеді. Оның айтуынша, Денис қайтыс болған орынға қала тұрғындары әлі күнге шейін шырақ жағып, гүл шоқтарын әкеліп жатыр екен. Сондықтан спортшының ата-анасы ескерткішті қайғылы оқиға болған жерге қоюды ұйғарыпты.

Қара жамылған отбасы ұлдарының өліміне әлі де сене алмай, есеңгіреп жүр. Соған қарамастан Денистің көзі тірісінде аяқсыз қалған жобаларын жүзеге асырмақ. Жантүршігерлік оқиғадан соң бүгін алғаш рет журналистерге сұхбат берген Юрий Тен, Денистің қазасына қабырғасы қайысқан барша қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Әрі ол Денистің өліміне байланысты болатын барлық сот процестеріне қатысатынан жеткізді.

«Ұлымды өлтіргендерді адам деп айтуға аузым бармайды. Бір бөлшек айна үшін қолына пышақ алып, адамды айуандықпен өлтіруге барғандармен тілдескім де келмейді. Денистің болмысы ерекше еді. Анасы талай рет ескерткенімен, ол әділетсіздікке көз жұмып қарай алмайтын. Сол әділетсіздікпен күресем деп құрбан болды», – деді Денис Теннің әкесі Юрий ТЕН.

Әділетсіздікпен күресем деп өзі құрбан болған Денис Тен бүгін қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін арнайы медальмен марапатталды. Награда Ішкі Істер министрінің бұйрығымен спортшы қайтыс болған соң тағайындалған. Денис Тен әскери борышын өтеген мекеменің ұжымы марапатты оның әкесіне табыстады.

Айта кетсек, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың қола жүлдегері қысқа ғұмырында отан алдындағы борышын да өтеп үлгерген. Ол 2011-2012 жылдары Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімінің үшінші атқыштар ротасында мерзімдік қызмет атқарған. Әрмен қарай Ұлттық ұланның спорт командасының мүшесі ретінде белсенді еңбек етті. Аға нұсқаушы лауазымында жүріп, «лейтенант» шеніне дейін көтерілді. Даңқты спортшы уақытының тығыздығына қарамастан әскери-қызметшілерді әскери-патриоттық тәрбиесіне белсенді қатысқан екен.

«Менің ұлымның еңбегін елеп, марапаттап жатқаны үшін алғыс білдіремін. Денис үнемі спортпен шұғылданды. Уақытының тығыздығына қарамастан, әскери қызметкерлермен кездесуге уақыт табатын. Өкінішке қарай, Денистің өлімі оған деген халықтың сүйіспеншілігінің қаншалықты зор екенін көрсетті. Біз ұлымыздың өліміне бүкіл Қазақстан қайғырып, қолдау білдіреді деп ойламадық», – деді Юрий ТЕН.

Еске сала кетсек, Денис Тен 19 маусым күні Алматыда бұзақылардың қолынан қаза тапты. Ол көлігінің айнасын ұрламақ болмағандарды тоқтатпақ болғанда ұрлықшылардың қолындағы пышақтан жарақаттанды. Алайда, көп қан жоғалтқан спортшының өмірін дәрігерлер сақтап қала алмады. Ол сол күні кешке келместің кемесіне мініп кетті...

Қазір мәнерлеп сырғанаушының өліміне байланысты соталды тергеу жүріп жатыр. Денистің өліміне қатысты деп қолға түскен 3 күдікті жақын күндері сот алдында жауап береді.


Новости партнеров