Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ Мемлекеттік департаментінің Сирия бойынша арнайы өкілі Джеймс Джеффридің сынына жауап берді.
> Бұған дейін шетелдік саяси маман Сирия қақтығысын реттеуге бағытталған Астана және Сочи процестерін тоқтату керек деген еді. Джеймс Джеффриге Қазақстан мен Ресейде өткен басқосуларда Сирияда конституциялық комитет құру туралы тараптардың еш келісімге келмеуі ұнамаған. Ол бұл сұрақ 14 желтоқсанға дейін шешімін таппаса, екі процесті де аяқтауды ұсынды. Дегенмен, елдің сыртқы саясатына жауаптылар өзге елдің пайымымен келіспейді.
«Астана процесі өз мандатын толығымен ақтайды. Біріншіден, Астана платформада құрылған Сириядағы дэскалация зоналарындағы жағдайды тұрақтандыруда өздерінің тиімділігін көрсетті. Сириядағы үш аймақ, оның ішінде Шығыс Кута, Хомс солтүстігі, сондай-ақ оңтүстік Сирия, барлығы бейбіт өмірге толық оралды», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек СМАДИЯРОВ.
Ал 14-ші желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде ұйымның Сириядағы арнайы елшісі Стаффан Де Мистуро бұған дейін атқарылған шаруалар бойынша баяндама жасайды деп күтілуде.