Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары латын әліпбиінің пернетақтасын әзірлеп, Білім және ғылым министрлігінің қарауына жіберді. Жоба авторларының айтуынша, пернетақтадағы латын қаріптерінің орналасуы статистикалық негіздерге сүйене отырып жасалған. Бұл мәтін жазуды жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге де септеседі дейді ғалымдар. Жаңа пернетақта қаншалықты ыңғайлы?
Ғалымдар латын қаріптері орналастырылған жаңа пернетақтаны әзірлеуге бір жылдай уақыт жұмсапты. Қазақ тілінде жиі әрі қатар кездесетін әріптерді анықтау үшін миллиондаған мәтінге талдау жасаған. Лексиконымыздың 80 пайызында кездесетін 19 әріп бар екен. Жиі қолданылатын бұл әріптер пернетақтаның ортасына, ал сирек кездетіндері шет жақтарына орналастырылған. Пернетақтаның негізгі орталығы ретінде кириллицадағы А және Н әріптері алынған.
«Қазақтың мәтінін латын әрпінде тергенде оң қолдың саусақтары, сол қолдың саусақтары деген сияқты екі жаққа бөліп, егер де сол жағына ең жиі кездесетін әріптерді орналастыратын болсақ, оң жағына сөз тіркестерінің жиілік сөздіктерінен алынған мәліметтер бойынша. Мысалы, А әрпінен кейін ең жиі кездесетін тіркестердің ішінде қай әріптер көп болса, сол әріптерді бөліп алып, соны ортадағы оң жақ жаққа қоюға ұсыныс жасадық», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Асқар ЖҰБАНОВ.
Пернетақтаның екінші нұсқасында латын қаріптері қазіргі ағылшын әріптеріне сәйкестендіре отырып орналастырылған. Ал сыймай қалған 6 әріпті ғалымдар пернетақтаның оң жағындағы бос символдардың орнына немесе жоғарғы қатардағы сандардың орнына қоюды ұсынып отыр.
«Пернетақтаға әріптерді қойдық. Ол тыныс белгісіне ешқандай кедергі жасамайды. Керісінше, кириллицада қазақ әріптері үстіне қойылған ғой, ол жерде негізі таңбалар болған. Сандар бар, солардың бәрі орнында болады. «Символ» белгілерінен іздеп жүрмей-ақ, қолдана беруге болады. Екінші нұсқасы ағылшынша жазып үйреніп қалған адамдар үшін ыңғайлы болатын шығар, бірақ біз кириллицада жазғаннан кейін, бәрібір QWERTY-клавиатураны қайта үйренеміз. Ал ол машинка басып жүрген кезде-ақ ойлап табылған. Қазір оның бізге керегі жоқ деп ойлаймын», – деді IT маманы Дархан ТОҚМЫРЗАЕВ.
Ғалымдар ең алдымен, пернетақтаның қолға ыңғайлы болуын қамтамасыз етуіміз керек дейді. Жоба авторларының айтуынша, министрлік латын қаріптерін ағылшын әріптерінің орналасуымен сәйкестендіріп жасауды тапсырған екен. Алайда, негізгі мақсат ұлттық пернетақта жасау болғандықтан, бұл біздің ойымызбен сәйкес келмейді дейді. Енді ғалымдар жаңа әліпби пернетақтасының заң жүзінде бекітілуін күтуде.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Әжімжанов, «Алматы» телеарнасы