Жанарбек Әшімжан Алматыдағы шағынаудандардың атауына қатысты: «Әр сөзден саясат іздейтін сәттен өттік»

Жанарбек Әшімжан Алматыдағы шағынаудандардың атауына қатысты: «Әр сөзден саясат іздейтін сәттен өттік»
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күні кеше Алматы әкімдігі қаладағы 27 шағынауданның атаулары өзгергенін ресми мәлімдеген болатын. Яғни, КСРО уақытынан келе жатқан ескі атаулар қазақшаланды. Бұған басты себептердің бірі – жергілікті тұрғындардың өтініші мен ұсынысы дейді ономастикалық комиссияның өкілдері.

Жаңа атаулар қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен 39-шы сессиясында мақұлданған. Ал, бұл жаңалық БАҚ арқылы жарияланысымен қоғамда қызу талқыға түсіп үлгерді. Әсіресе, «Нұршашқан», «Нұр Алатау» секілді атауларға қатысты пікір айтушылардың қатары көп. «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжанның айтуынша, «Нұр» сөзінің астарынан саясат іздеудің еш қажеті жоқ.

«Қала ұлғайып жатыр. Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Жыл сайын қала аумағына жаңа елдімекендер қосылып жатыр. Олардың атаулары қайталанатын кездер жиі болады, оның үстіне, Кеңес заманынан қалған атаулар бар, оларды қазақшалауымыз керек... Сондықтан жаңартып жатқан болуы керек. Мен бұл өзгерістерді құптаймын. «Нұр» деген сөзден астар іздеудің қажеті жоқ, біз әр сөзден саясат іздейтін сәттен өттік. Неге біз бұл сөзден бас тартуымыз керек? Нағыз қазақы сөз ғой. Тіпті, дін тұрғысынан қарасақ та «Нұр» сөзі өте жақсы мағынада айтылады», - дейді Ж.Әшімжан.

Айта кетейік, атауы өзгерген шағынаудандардың біразы бұған дейін орысша аталып келсе, өзгелері бірін-бірі қайталаған. Мәселен, Алматыда 6 – «Алғабас», 3 – «Каменка», 2 – «Дубок», 2 – «Школьный» шағынаудандары бар. Бұдан былай олардың әрбірі жаңаша аталатын болады. Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген Қалабайдың айтуынша, шағынаудандардың атауын өзгертуде сол елдімекендер тұрғындарының талабы мен ұсынысы ескеріліпті.

«Жаңа атаулар өзіміздің қазақи, ұлттық танымдық атаулар. Ежелгі атауларды ұсындық. Соны жалпы жастарға насихаттау барысында әрі солардың бойына сіңіру үшін, отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін жасалып жатқан үлкен бір жұмыс», - дейді ол.

Шағынаудандарға жаңа атаулары жазылған тақтайшаларды ілу жұмыстары енді басталады. Осылайша, шаһарда атауы қайталанатын немесе идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға ие ықшамаудан қалған жоқ деді ономастика бөлімінің мамандары.


Новости партнеров