Алматылық әйгілі «Буревестник» волейбол командасы қайта жанданып келеді

Алматылық әйгілі «Буревестник» волейбол командасы қайта жанданып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кеңес Одағының чемпионы атанған алматылық волейбол командасы қазір қайда? Өз дәуірінде алдына жан салмаған спортшылардың бүгінгі ізбасарлары кімдер? 90 жылдан астам тарихы бар Қазақстан волейболының болашағы қандай?

1957 жылы Алматыда «Буревестник» волейбол клубы құрылады. Команданың жұлдызды шағы 1966 жылдан басталды. Ұжым 5 жылдың ішінде 2 дүркін Еуропа чемпиондары кубогын, 1 рет КСРО чемпионы және Одақ біріншілігінде 2 мәрте күміс пен қола медальға қол жеткізеді. «Буревестник» Кеңес одағы көлеміндегі жарыстарда алдарында команда салмаған. 1969 жылы Алматы волейбол командасы КСРО чемпионы атанып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Алғашында студенттерден құралған «Буревестник» осылайша біздің елдің даңқын көкке өрлетті.

Осыдан кейін аталған ұжым біраз жарыстарда өнер көрсетеді. Алайда, ойдағыдай нәтижеге қол жеткізбеген. Сөйтіп, 2016 жылдың соңында жеке қолға өтеді. Жаңа басшы бірден команданы физикалық тұрғыда көбірек дайындауға аса мән береді. Ұжым жақында көрші мемлекетке барып, ойда жоқта бас жүлдені жеңіп келген.

«Мына кубокты Ресейдің Мәскеу қаласында ұтып алдық. Тәжірибелі волейболистер «Искра» деген команданың қандай мықты екенін біледі. Олар өз уақыттарында әлемді шулатқан спортшылар болған. Сондықтан бұл кубок маған өте қымбат. Қыркүйек айында жарысқа қатысуға шақырту алдық. Сөйтіп, сол сайыста барлық команданы артта қалдырып, бас жүлдеге ие болдық», – дейді балалар командасының әкімшісі Борис ШОЛОХОВ.

Борис Шолоховтың айтуынша, жарыста бірінші орын алу әу баста мақсат болмаған. Жоспар – спортшыларымызды бәйгеге салып, қарымдарын байқау болған. Алайда, жігіттердің барлығы ойлағаннан да жақсы өнер көрсетіп, керемет нәтижеге қол жеткіздік дейді. Ал ортада тұрған алып кубок – «Буревестник кубогі» екен. Команданың халықаралық жарыста жеңіп алған жүлдесі осы.

«Бұл кубокты сарапқа салатын жарысқа әлемнің мықты командалары жиналды. Түркменстаннан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан да спортшылар келді. Сонымен қатар, Мәскеулік қарсыластар да есе қайтару үшін қатысқан болатын. Әрине, ол байрақты бәсекеде жеңілмедік емес, бір рет есе жіберіп алдық. Алайда, ұпай санымен басқа командаларды қапы қалдырып кеттік», – деп еске алады «Буревестник Алматы» волейбол клубы балалар командасының әкімшісі Борис ШОЛОХОВ.

Қазіргі кезде Буревестник командасында жалпы саны 13 жаттықтырушы еңбек етіп жатыр. Басшылықтың сөзінше, балалар арасында жылына 5 рет турнир ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – жас таланттарды ұлттық құрамаға тарту.

«Балалар күніне 2-3 реттен жаттығу жасайды. Спортшы физикалық және психологиялық тұрғыда дайын болып келуі керек. Сонымен қатар, әр адам волейболға өмірін арнағаннан кейін, одан ешуақытта қол үзбеуі қажет. Ресей федерациясында алған тәжірибемді осында қолданамын. Балалар өте жақсы нәтиже көрсетуде. Командада Азия чемпионатының қола жүлдегерлері бар», – дейді «Буревестник Алматы» волейбол клубының бас жаттықтырушысы Денис РОВКИН.

Осы күні Алматының «Буревестник» командасында ұлттық құрама мен екінші құрамды есептемегенде 500-ге жуық бала тәрбиеленуде. Команда басшылығы алдағы уақытта жас спортшылардың санын 800-ге жеткіземіз деп отыр. Сонымен қатар, халықаралық додаларды да көптеп ұйымдастырмақ. Алматылық «Буревестник» – қалалық әкімдіктің қолдауымен жанданып келе жатқан командалардың бірі. Әзірге ұжымның қанжығасында 2 халықаралық жарыстың кубогі бар.


Жадыра Омаржан, Өмір Әнуарбек, Рашит Ильясов, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров