Алматыда жылу маусымы басталды. Қаладағы тұрғын үй қорының 40 пайызы бүгіннің өзінде жылумен қамтылды.
Жылу тарату жұмыстарының тәулік бойына жүргізілуіне қарамастан, бірқатар мәселе де туындап отыр. Яғни, бірқатар учаскелерде ыстық суды бөлетін инженерлік желілер дайын емес көрінеді. Егер үйге жылу жетпей жатса, бірден пәтер иелері кооперативіне хабарласу керек дейді жауаптылар. Десек те, Алматыдағы әлеуметтік нысандарға жылу 100 пайыз жеткізілген.
«Жылу беру жүйесіне қатысты барлық бригада жұмылдырылуда. Сондықтан алдағы бірнеше күн ішінде тұрғындардың бәрі жылы жерде отыратын болады. Егер қандай да бір қиындық туындаса, ең алдымен, пәтер иелері кооперативіне өтініш беру керек. Үйге жылу не үшін жетпегенін сол жерден анықтау қажет», – деді Алматы қаласы ТҮКШ жылу-энерго кешендерінің ресми өкілі Ян ГИРИН.