Алматыдағы шағынаудандар атауы ел тарихы мен мәдениетін айшықтап тұр – ономастикалық комиссия

Алматыдағы шағынаудандар атауы ел тарихы мен мәдениетін айшықтап тұр – ономастикалық комиссия
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы 20 жылда Алматы қаласының аумағы 3 есе ұлғайды. Тек 2014 жылдың өзінде шаһарға 27 елдімекен қосылды. Соған қарамастан, жаңа көшелер мен шағынаудандарға жаңа атау берілмеді, бұрынғы атаулар күні кешеге дейін қайталанып келді. Сондықтан қаладағы 27 ықшамаудан мен 185 көшеге жаңа атау берілді. Шағынаудандардың жаңа атаулары жергілікті жұртқа қаншалықты ыңғайлы?

Алматыдағы 27 ықшамаудан мен көшелерге жаңа атау беру – ономастикалық комиссияның шешімі. Өйткені, бұған дейін қоғамдық ұйымдар мен жергілікті тұрғындардан 300-ден аса өтініш хаттар келіп түскен. Онда әсіресе, атауы жоқ және қайталанатын көшелерге жедел жәрдем, полиция қызметтерін шақыру қиындық туғызатыны жазылған. Бұдан бөлек идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды өзгерту уақыт талабы дейді қоғам қайраткерлері.

«Қаладағы кейбір көше атаулары да, шағынаудан атаулары да сонау патша заманынан, содан кейін Кеңес заманынан келе жатқан атаулар ғой. Енді біз тәуелсіздік алғаннан кейін тәуелсіздіктің және мемлекеттік тілдің болмысына, рухына сай өзгерістер болып жатыр және болуға тиіс. Отаршылық заманнан қалған атаулар өзгеруге тиіс. Бұл уақыттың, заманның, тәуелсіздіктің талабы», – деді жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ.

«Біздің ономастикалық комиссияға қоғамдық ұйымдардан, жекелеген адамдардан, жалпы, қала тұрғындарынан өтініштер, тілектер, пікір-ұсыныстар келіп түседі. Сол мәселелерді қарай отырып, біз бір шешімге келеміз. Мысалы, мына Алғабасты алсаңыз, бір Алматыда бес Алағабас бар, тіпті алтау. Олардың бәрінің аты өзгерді. Сондай-ақ, ол атаулардың астарынан қандай да бір ілік іздеудің қажеті жоқ», – деп пікір білдірді республикалық «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали СӘРСЕНБАЙ.

Ономастикалық комиссия мүшелерінің айтуынша, кез келген қала, көше мен шағынаудан атаулары сол елдің тарихы мен мәдениетін айшықтап тұруы тиіс. Осы орайда, жаңадан қойылған атаулар барлық талаптарға сай дейді мамандар

«Бұл атаулар тек мәслихат депутаттары қол көтеріп, бекіте салатын мәселе емес, ең алдымен, ол жергілікті жерде қаралады. Уақыты туған кезде жергілікті әкімдікке сол ауылдың зиялы қауымы ұсыныс жасайды.  Қазір мына шағынаудандар мен көшелердің атауларына қарайтын болсақ, жаңа бір үрдістің басталғанын көруге болады. Ол не? Мағыналы, құлаққа жағымды, адамдар айтқан кезде жеңіл айтылатын ұғымдарды қою, сонымен қатар, өнегелі сөздерді қою, жердің атын, елдің атын, сол мекенге байланысты атауларды қою соңғы кезеңде үрдіске айналды», – деп атап өтті М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан МАТЫЖАНОВ.

«Ауданның лайықты атқа ауыстырылып жатқанына қарсы емеспін. «Нұр» дейтін сөзден неге қашамыз біз. Ол қазақтың сөзі. «Нұр» тіпті, діни ұғымға салса да, сәулелі ұғымға салса да қазақтың әдемі сөзі.  Біздер әр нәрседен саясат іздей беретін сәттен өттік қой», – деді республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек ӘШІМЖАН.

Алматыдағы көшелер мен шағынаудандар атауының өзгеруін мегаполис тұрғындары да орынды шешім деп бағалауда.

Біз сөзге тартқан қала тұрғындары: «Негізі, жаңа атаулар қойғандарыы дұрыс. Осылайша, ұлттық идеяны халыққа сіңіруге болады деп есептеймін», «Қазақша атаулар бергені дұрыс болған екен», «Ыңғайлы болатындай, адамдардың есінде оңай сақталатындай болғаны дұрыс қой. Мекенжайды айтқандай, іздеген адам шатаспайтындй болды», «Бұрын шағынаудандарды 1, 2 деп әбден шастыратын едік, енді айтуға да, түсінуге де ыңғайлы болды», – деп пікір білдірісті.

Шағын аудандарға жаңа атаулары жазылған тақтайшаларды ілу жұмыстары енді басталады. Ал ономастикалық комиссия көшелерге жаңа атау беру жұмыстары жүйелі түрде жалғаса береді дейді.

Айта кетсек, соңғы 20 жылда Алматы аумағы 3 есеге үлкейсе, тек 2014 жылдың өзінде қалаға 23 га жер қосылған екен.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров