Елбасы төмен жалақы алатын қызметкерлер айлығын өсіруді тапсырды

Елбасы төмен жалақы алатын қызметкерлер айлығын өсіруді тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келесі жылдан бастап ең төмен жалақы алатын қызметкерлердің айлығы 1,5 есеге артады.  

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Елбасы Ведомство басшысына халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту үшін біршама тапсырма берді. Әсіресе, жыл соңына дейін ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есе өсіретін заңның қабылдануын қамтамасыз ету қажет деді. Биыл әлеуметтік салаға 2,6 триллион теңге бөлінді деген Нұрсұлтан Назарбаев келер жылы қандай өзгерістер күтетінін айтты.    

«2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен жалақы алатын қызметкерлердің, соның ішінде азаматтық қызметшілердің еңбекақысы 1,5 есе өседі. Сондай-ақ, әкімшілік, көмекші және техникалық қызмет көрсететін қызметкерлердің жалақысы артады. Экономиканың барлық саласындағы төмен жалақы алатын 1,3 миллион жалдамалы жұмысшының жалақысы орташа есеппен, 30 пайызға көбейеді», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Басқосуда әлеуметтік сақтандыру жайы да талқыға салынды. Осыған орай, еңбек ету қабілетін жоғалтқандар, жұмыстан босап қалғандар немесе асыраушысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлемақының орташа көлемі 30 пайызға артпақ. Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде есебін тыңдаған Елбасы Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде жаңа ұлттық жоспар әзірлеуді тапсырды.


Новости партнеров