|
02.10.2018 | 19:43
10013

Қапшағай – Талдықорған тас жолы да ақылы болады

Қапшағай – Талдықорған тас жолы да ақылы болады

Келер айдан бастап Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас күре жолдарында акылы төлем жүйесі іске косылады. Бірақ құрылғылар Жаңа жылға дейін тек тестілік режимде жұмыс істейді. Демек, жүргізушілер бұл аралықта қалталарынан бір тиын да шығармай тегін қатынайды.

Қазір ақылы жолдардың құны қанша теңге болатыны қарастырылып жатыр. Болашақта елімізде 5 мың шақырым автобандар ақылы болады деп жоспарланып отыр. Соның бірі Қапшағай – Талдықорған күре жолы болмақ.  

Келер айдан бастап Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас тас жолдарында акылы төлем жүйесі іске қосылады. Қазір аумақтардағы құрылыс жұмыстары аяқталуға таяды. Мердігерлер төлем терминалдары мен шлагбаумдарды орнатып үлгерген. Мәселен, аралығы 42 шақырымды құрайтын Алматы – Қапшағай күре жолында 16 жолақ жасалған. Оның төртеуі Қапшағайға бет алған көліктердің кіруіне арналса, қалған 12 жолақ Алматыға қайтар жолда төлем жүргізу үшін қарастырылған. Терминалдардың екеуі ауыр техника тізгініндегі жүргізушілерге ыңғайлы етіп орнатылыпты. Ал қалғаны жеңіл көліктер үшін қойылуда. Қондырғыда көліктің қанша шақырым жүргені, соған сәйкес қарызы көрсетіледі.

«Құрылыс жұмыстары осы күнге дейін 95 пайызы орындалды. Енді әрлеу жұмыстары қалды. Қазан айының соңында бітіреміз. Ары қарай қараша айының басынан бастап тексеру жұмыстары басталады», – деді мердігер компания өкілі Ербол ДӘУСЕЙІТОВ.

Төлем терминалдары Жаңа жылға дейін тестілік режимде жұмыс істейді. Демек, жүргізушілер бұл аралықта қалталарынан бір тиын да шығармай тегін қатынайды. Қазір ақылы жолдардың құны қанша теңге болатыны қарастырылып жатыр. Жүргізушілерге төлем жасаудың түрлі тәсілдері ұсынылмақ. Қолма-қол немесе банк картасы арқылы есеп айырысатындар терминалдың көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ, мобильді қосымшамен де жол ақысын өтеуге болады.

«Төлемеген жағдайда шлагбаум ашылмайды. Міндетті түрде төлеу керек. Әлдебір жағдайлар болып, қондырғылар істемей қалып жатса, әрине, өткіземіз. Бірақ  камералар ол көліктерді бәрібір түсіреді», – деді «ҚазАвтожол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Мәулен ӘЛІПОВ.  

Жүргізушілердің жол ақысын төлегенін жақын маңда орналасқан кеңседе тәулік бойы жұмыс істейтін операторлар бақылап отырады. Олар тізгіншілер есеп айырыспаған жағдайда шлагбаумды ашқанымен, қолдарына ескерту қағазын жазып береді. Көлік иелері сол арқылы төлем жасауы тиіс. Әйтпесе, жол құнының қағазы айыппұл сынды борышкердің үйіне жіберіледі. Ал арнайы қызмет көліктері ақы төлеуден босатылады. Одан бөлек, ақылы автожолға жақын аудандардың тұрғындары үшін абоненттік төлем қарастырылады.

«Ақылы жолдың бойында тұратын көлік жүргізушілерге қарастырылған RFID белгісі бар. Ақылы жолдың ауданында тұратын халық 1 жылға алдын-ала абонемент алады. Ол абонемент жергілікті халық үшін жылына 1000 теңге тұрады. Неге? Өйткені, бұл кісілер күнделікті қатынайтын болғандықтан, осындай жеңілдік қарастырылған. RFID белгісі машинаның әйнегіне жапсырылады. Одан кейін бұл көлік жақындаған кезде автоматты түрде шлагбаум ашылып, көлікті өткізе береді», – деді Мәулен ӘЛІПОВ.  

Ақылы жолдың қос жолағы алдын ала арнайы төлем жасап қойған жүргізушілерге арналады. Оларға бекеттегі шлагбаумдар алыстан-ақ ашылады.

Болашақта елімізде 5000 шақырым автобандар ақылы болады деп жоспарланып отыр. Соның бірі Қапшағай – Талдықорған тас жолы болмақ. Күре жолдың құрылысы келер жылы басталады.

Жалпы, транзитті көліктерді қосқанда жол ақысынан жиналған қыруар қаражат сол жолдың күтіміне жұмсалады. Яғни, жүргізушілер төлеген ақысы үшін тақтайдай тегіс жолда қатынайтын көрінеді. Бұған қоса, тас жол аумағындағы көктайғақтан алдын ала ескертетін метео-бекет пен ақпараттық тақтайшалар іске қосылады.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир