ЭКО квотасының санын жылына 20 мыңға арттыру керек – мамандар

ЭКО квотасының санын жылына 20 мыңға арттыру керек – мамандар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанға қолжетімді ЭКО керек. Елімізде жасанды жолмен бала сүйгісі келетіндерге бюджеттен бөлінетін квота сұраныстың тек 10 пайызын ғана қамтиды. Алматыда «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері» тақырыбына арналған X халықаралық конргесске жиылған мамандар осы мәселені көтерді.

Елімізде экстра-корпоральды ұрықтандыруға 2010 жылдан бері квота беріліп келеді. Алғашқы жылдары 100, соңғы жылдары 900 отбасыға дейін жасанды жолмен бала сүюге мүмкіндік алуда. Елімізде жылына 9 мың адам ЭКО жасататынын, ал, 15 мыңға жуық адамның кезекте тұрғанын ескерсек, бұл сандар көңіл көншітпейді дейді мамандар.  

«Қазіргі кезде біз мәселе көтеріп жатырмыз. Кем дегенде, 17-20 мың квота болуы керек. Бірақ мемлекет оның бәрін алып жүре алмауы мүмкін. Өйткені, бұған қаражат көп кетеді, бұл жоғары технологиялар. Сол себепті, әлеуметтік медициналық сақтандыру енгеннен кейін ғана барып, осы қызмет әрбір әйелге қолжетімді болады деген ойдамыз», – деді Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры салтанат БАЙҚОШҚАРОВА.

Халықаралық форум аясында бедеулікке шалдыққан отбасының медико-әлеуметтік проблемалары мен бала туа алмайтын пациенттердің өмір сапасын арттыру жолдары сөз болды. Қазір әлемде бедеуліктің жиілігі орта есеппен, 15%-ды құрайды. Дәрігерлер белсіздіктің де белең алып келе жатқанын айтады. Бүгінде бедеулік жағдайының 50%-дан астамы ерлердің репродуктивті жүйесінің патологиясымен байланысты екен. Мамандар бала сүйе алмай жүрген отбасылардың көбіне дәрігерлердің көмегіне кеш жүгінетінін айтып қынжылады.  

«Егер әйел бір жыл көлемінде бала көтере алмаса, тез арада көмек көрсете алатын дәрігерге жүгінуі керек. Өкінішке қарай, көптеген отбасылар 5-10 жылдан соң келіп жатады. Әр әйел шамамен, 4 жылға дейін кезекте тұрады. Жасы 30-дан асып 40-қа таяған әйелдердің кезегі жеткенше аналық ұрығының сапасы да, көлемі де азаяды. Ер адамдардың да белсіздігін өз елімізде емдеуге толық мүмкіндік бар», – деді Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, Репродуктивті денсаулық институтының ректоры Вячеслав ЛОКШИН.


Новости партнеров