Алматыдағы индустриалды аймақта биыл 7 кәсіпорын іске қосылады. Олардың қатарында қағаз қаптарын шығаратын цех пен пайдаланылған майды қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Сондай-ақ мұнай өнеркәсібі үшін құбыр шығаратын Қазақстан мен Қытайдың бірлескен зауыты құрылмақ. Қазір кәсіпкерлер өндіріс ошақтарын іске қосуға қызу кірісіп кеткен.
3 мың шаршы метрді алып жатқан бұл кәсіпорын биыл күзде іске қосылады. Мұнда құрылыс материалдарына арналған қағаз қаптар мен арнайы пакеттер шығарылатын болады. Нарықта 2008 жылдан бері келе жатқан компанияның басшылығы бұған дейін қаланың ішіндегі ескі зауытты жалға алып жұмыс жасаған екен. Алайда, жалдау құны қымбат болғанмен, жұмысшыларға еш жағдай жасалмапты. Әрі, өндіріс көлемін арттыруға да мүмкіншілік болмаған. Жылына 4 млн-ға жуық қағаз қап шығаратын кәсіпорын индустриалды аймаққа келгелі өндіріс қуаттылығын екі есеге ұлғайтып, өнім көлемін 8 млн-ға дейін көбейтпек.
«Индустриалды аймақ бізге несімен тиімді? Мұнда барлық коммуникация тартылған. Газ, су, жарық құбырларының барлығына қол жетімді. Кәсіпорынды биыл күзде іске қосамыз деген ойдамыз. Қазір ескі зауытта 18 адам жұмыс жасап жатыр. Жаңа кәсіпорын ашылғанда жұмысшылар саны 2 есе көбейеді және оларға барлық жағдай жасауға тырысамыз», - деді кәсіпкер Ораша САРТАЕВА.
490 гектар жерді алып жатқан Индустриалды аймақта бүгінде 38 жоба орналасқан. Дегенмен, аймақтан кәсіп ашқысы келетіндер үшін бос жерлер әлі де бар. Қазіргі уақытта 38 жобаның 12 жобасы құрылыс-құрастыру жұмыстарын бастады. Қалған резиденттер жер телімдерінің құжаттарын рәсімдеуді жүзеге асыруда. Сондай-ақ жоба алды және жобалық жұмыстарын жүргізуде. Ал, 7 кәсіпорын биыл іске қосылмақ. Олардың қатарында қағаз қап, картридж, пластик құбыр, кабель өндіретін цех бар. Әрі, пайдаланылған майды қайта өңдеу, ғимараттардың сыртын қаптайтын материал шығаратын кәсіпорыны да ашылмақ. Бұған қоса, мұнай өнеркәсібі үшін құбыр өндіретін Қазақстан мен Қытайдың бірлескен зауыт та іске қосылмақ.
«Қазір азық-түлік өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Сондықтан кәсіпкерлер осы салаға ығыса бастады. Одан бөлек, фрамацевтика мен қайта өңдеу өнеркәсібін серік еткендер көп. Ал, бұрын құрылыс материалдарын шығаруға асық еді іскерлер», - деді «Алматы-индустриалды аймақ» ЖШС бас директоры Әділ БҮРЛІБАЕВ.
Кәсіпкерлердің жұмысы үшін аймақта бар жағдай жасалған. Тіпті жерді жалға алу құны да арзан дейді жауаптылар. Индустриалдық аймақтан кәсіпорын ашқысы келетіндер, жер телімінің шаршы метрі үшін жылына 42 теңге төлейтін көрінеді. Айта кетсек, мұндағы ең үлкен жоба, 17 га жерге орналасқан жылыжай. Сәтті жүзеге асқан кешенде жылына 7000 тоннадан астам экологиялық таза қияр мен қызанақтар шығарады.
Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы